Күйші Самиғолла Андарбаевтың туғанына 110 жыл

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғасырлар қойнауынан жеткен қасиетті күй өнерін дамытуға, шашылып жатқан асыл қазынамызды жинақтап, халықтық мұраға айналдыруда атсалысқан көрнекті өнер қайраткері Ахмет Жұбанов еді.

Күйші Самиғолла Андарбаевтың туғанына 110 жыл

Көне музыкалық аспаптарды жүйелеп, халық музыкасын жинақтау жөніндегі ғылыми-зерттеу кабинетін ашқан да Ахаң.

Ахмет Жұбанов ел арасынан жинаған халық күйлерін насихаттау мақсатымен музыкалық сауаты жоқ күйшілерден ансамбль құрып, жиі концерт ұйымдастыратын.  Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлерінің ұнағаны сонша қазақтың ұлттық оркестрін құруға жоғарыдан қаулы түсіп, оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижеры Ахмет Жұбановқа тапсырады.

1934 жылдың тамыз айында шақырылған бүкілодақтық слетке халық арасынан шыққан небір күйшілер мен әншілер, ақындар қатысып, өнер көрсетеді. Бұл үлкен жиынға ұйытқы болған музыкалық этнографияның атасы Александр Затаевич еді. Жер-жерден келген Махамбет Бөкейханов, Ғанбар Медетов, Лұқпан Мұхитов, Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуов, Ғабдулман Матов, Дина Нұрпейісова, Жаппас Қаламбаев сынды арқалы күйшілер ақылшы болып, қазақтың ұлттық оркестрін ұйымдастыру жайлы қаулы жариялады.

Сол оркестрдің негізін қалап, өмірінің қырық  жылға жуық уақытын өнерге арнаған Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі күйші Самиғолла Андарбаев   өзінің өнерімен, адами қасиетімен дараланды.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданында дүниеге келіп, Қазанғап пен Дәулеткерей күйлерін бойына сіңіріп, күйшілік шеберлігімен өз өңіріне атағы шыққан Балкен әжесінен көп үйренген болашақ күйші қолы қалт етсе домбырасын алып, небір сырға толы төкпе күйлерді ырқына көндіретін.

Самиғолланың әжесі  сегіз қырлы бір сырлы жан еді. Оның қолынан шыққан небір текемет, сырмақ, киім-кешек, хас шебердің еңбегінің жемісі. Жасырақ кезінде ол кісі балуан күреске де қатысқан өжет, ермінезді жан екен.

Міне, осындай асыл әженің қасиетін бойына сіңірген Самиғолла еңбектің қиындығына қарамай Алматыға келіп құрылысшы болып жүргенде Ахаң домбырашылар үйірмесін ашып,  өнерпаздарды жинай бастайды. Әрі қарай әңгімені  күйшінің тұңғыш қызы Балжан Самиғоллақызы жалғастырады:

Балжан:  1935 жылдың күзінде Ахмет Жұбанов домбырашылар оркестрін ұйымдастырып жатыр дегенді естіп, әкем соған қатысты.

 1936 жылы оркестр Мәскеуге барғанда әкемнің дайындығы аз болып бара алмай қалды.  Ол уақытта қызыл бұрыш деген болады, сонда бес-алты  кісіге арнайы күй үйретіп, он бесшақтысын дұрыс ойнаған соң оркестрдің құрамына алады, әкемді де осылай қабылдаған.

 Ел шетіне жау тиген қырық бірінші  жылдың жазында әкем көптің бірі болып, ел қорғауға майданға аттанды. Төрт жылға созылған сұрапыл соғыс аяқталып, күйші Жамбылда тұрып жатқан отбасына оралды.

Әкем  келгеннен кейін  соғыстан қайтқан әртістердің бәрін қайта оркестрге шақырды. Тоғыз айдай Жамбыл театрында еңбек етті.

Ол кісі  1946 жылы маусымда Алматыға келіп бұрынғы оркестріне  қызмет орналасты.

Алтын: Оркестрде Самиғолла  әртүрлі  аспаптарда еркін ойнай  беретін. Оған себеп композитор  Латиф Хамиди, Қапан Мусин, Жаппас Қаламбаевтардың нота сауатын ашуы еді. Бұрын есту бойынша  ғана күй орындайтын күйшілер  өмір сахнасында  консерваториядан алатын білімді алып, классикалық  үлгідегі шығармаларды еркін ойнай бастады. Енді Самиғолланың келіні Лениза Құрманқызына  әулеттен өрбіген өнерлі ұрпақ жайлы былай дейді:

Лениза: Осы  әулеттен өрбіген  өте бір жақсы кісі болды. Бір ағайындар көшіп келсе, бірінші ерулік беретін де атам еді. Ағайын-туғандардың ортасында сыйлы жан еді.

Мен талай өнер адамдарына шәй құйған келінмін. Шамғон Қажығалиев, Жаппас Қаламбаев біздің үйде жиі болатын.Сол кісілердің батасы шығар, балаларым жақсы өсіп келеді, шүкір.

Мына менің жолдасым  Дәрібай құдай  берген дарын, консерваторияны сырттай бітірді. Қайным Кенжебай консерваторияда проректор болып істеп жүргенде аяқ астынан дүние салды. Келініміз Алма Әзидолла Есқалиевтың қызы.

 Самиғолла Андарбаев өнер ұжымымен қазақ жерін көп аралайды. Бұл оркестрге қосылып, Күләш Байсейітова, Ермек Серкебаев сынды өнер саңлақтары ән шырқады. Оркестр Балтық өңірі, Орта Азия, Закавказье республикаларына, Еділ бойына, сондай-ақ талай рет шетелге өнер сапарымен  барып, ұлттық музыканы  насихаттады.

Самиғолла Дина Нұрпейісова, Оқап Қабиғожин және Лұқпан Мұхитов сынды шеберлерден дәріс алып, ойнау шеберлігін  шыңдады.

Күйші табиғи дарын, музыкаға деген икемдік, зеректік, еңбекқорлық  арқасында күйшілік қорын  байытты. Біздің алтын қорымызда Самиғолла Андарбаевтың қырықтан астам күйі сақтаулы. Жазу сапасы жақсы бұл шығармалардың ішінде Дәулеткерей, Қазанғап, Асанқайғы, Арынғазы, Науша, Түркеш, Абыл,  Мәмен, Дина, Әлкей, Құрманғазы күйлерімен  қоса халық халық күйлері келер ұрпаққа рухани азық десе де болғандай. Енді бүгінде туғанына 110 жыл толып отырған атамыздың   елу жасты  дәріптейтін  «Елу жас» деген де күйі болған.

Әр балаға ата-ананың орны, қасиеті ерекше. Ендігі сөз кезегі Қазақстанның еңбек сіңірген  мәдениет қызметкері,  консерватория түлегі Самиғолла Андарбаевтың қызы Сәнен әке жайлы әңгімесін бастағанда сәл толқып кетті:

«...Әкемнің есте қаларлықтай ерекшелігі барлық аспапты ойнап шықты. Алғашында домбыра болмай қалса қобызға отырып, бір күні домбыра-примамен ойнайтын.  Бізде филармониядан басқа бас қосатын жер болмағандықтан «бүгін Самиғолланың үйінде, ертең Қабиғожинның үйінде» деп, үйге жиналып дайындық жүргізетін.

Бір күні Дина  келіп отырғанда қадалып қараған болуым керек, сонда «әй, осыдан осы, бірдеңе шығады, ылғи қадалып қарайды» деп ол кісі келешегімді болжапты.

№ 38 мектепте оқып жүрген кезден  үйірмесін құрып, соған қатыстық.

1942 жылы  Жамбыл облысы Свердлов ауданына  қарасты «Буденовка» селосына барып оқыдық. Кітап, дәптер болмағанмен мұғаліміміздің жақсылығының арқасында оқуымызды тастағанымыз жоқ. Шешеміз төрт  баламен  қалып, Сапарбай деген кісінің баласы бізді көшіріп алған. Төрт жыл колхозда тұрдық.

1946 жылы оркестрге  адамдар шақырып жатыр екен. Он баланың ішінен мені алды.

  1953 жылы Бүкілодақтық фестивальге қатыстық. 1946 жылы  консерваторияға түстім...» деген еді қызы Сәнен.

  «Баланың жақсысы нағашысынан» деп халқымыз айтқандай, Самиғолланың күйшілік қасиетін нағашы жұртынан, ана сүтінен дарыған дедік.

Енді Алматы қалалық әкімшілігінің жанынан ашылған «Алматы әуендері» концерттік ұжымының директорының орынбасары, өнер жанашыры - Ықылас Нұрғалиевтың Самиғолла атасы жайлы айтқан естелігіне кезек берсек:

 «Самиғолла Андарбаев Ахмет Жұбановпен бірге өскен. Ол Құрманғазы оркестрінің негізін қалаушылардың бірі. Түрікмен, Маңғыстау күйлерін бізге жеткізуші. Өз кезінде Алматыдағы ауылшаруашылық инситутының оркестрін құрып, жетекшілік еткен ол  студент кезімде мені көмекші етіп алған. Біз ол кісіден көп тәлім-тәрбие алдық.  Алғаш  тыңдау арқылы үйренсе, кейін студенттер нотамен үйренетін. Тіпті бара-бара Моцарт, Бетховен    сияқты композиторлардың да шығармаларын Самиғолла ата балаларға үйреткен-ді...

 Дина апамыздың қасында жүріп, әркез домбырасының күйін келтіріп, жәрдем ететін інісі Самиғолла атамыз кейін жастар арасында ұстаздық етті. Құрманғазы оркестрінің шағын тобын Қазақтың ауылшаруашылық институтында құрды. Сол кезде талай студенттердің домбырасын жасап, немерелеріне туған-туысқандарына сыйға тартқаны мәлім.

Өкініштісі, Самиғолла өнер сахнасында саналы ғұмырын өткізсе де, еңбегі  әділ  бағаланбаған, ескерусіз қалған өнер шебері».

Самиғолла мен Бөбеханнан өрбіген үш ұл мен екі қыздан тараған ұрпақ бәрі де өнерге бейім. Халқымызға өнерімен танымал болған Кенжебай Андарбаев классикалық үлгідегі үлкен шығармаларды орындайтын шебер еді.

Бүгінде үлкен үйдің түтіні түтетіп, туған-туысқанға ұйытқы болып отырған Олжабек пен Қадиша әкеден қалған асыл мұраны көзінің қарашығындай сақтап отырған перзенттер.

Отызыншы жылдың басында өнер деп шөлдеп келген дарынды жастар қазақ мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне күш-жігерін жұмсап, үлкен іске бір кісідей жұмыла кірісіп, нәтиже шығарды. Сол кісілердің салып кеткен сара жолымен өнер жалғасын тапты. Халқымызға  баға  жетпес рухани мұра қалдырған Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, бүгінде туғанына 110 жыл толғалы отырған  Самиғолла Андарбаевтың  есімі ел есінде.

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ҚР Мәдениет қайраткері

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

                                             Алтын Иманбаева