18:07, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
Құзырлы орган өкілдерінің немқұрайдылығы салдарынан оралмандар азаматтықтарын ала алмай жүр - апталық брифинг
АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Құзырлы орган өкілдерінің немқұрайдылығынан оралмандар жылдар бойы азаматтықтарын ала алмай сабылып жүр.
Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісовтың бүгін, журналистермен болған кездесуі барысында осы мәселеге байланысты бірқатар деректер белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, азаматтық алуға қатысты заңдардың бұзылу фактілері еліміздің барлық аймақтарында дерлік кездеседі. «Бұл жағдай өз кезегінде Қазақстанның азаматтығын алушылардың наразылығын тудырып отыр. Ал олардың 90 пайызы - оралмандар. Олар біздің еліміздің заңдарымен жете таныс емес. Азаматтық алу тәртібін де толық біледі деу қиын. Оның үстіне елімізде оралмандарға осы мәселелер жан-жақты түсіндірілмейді де. Осының салдарынан олар өздерінің құжаттарының заңдылығын дәлелдей алмай, республика аумағында ұзақ уақыт жеке куәліксіз жүруге мәжбүр», - дейді ресми өкіл. Оның айтуынша, азаматтық алу үшін тиісті талаптар бойынша азаматтық алғысы келген адам арнайы арыз жазып, оны құзырлы органдар арқылы Елбасының атына жолдайды. Құзырлы органдар, яғни ішкі істер саласының өкілдері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бұл құжаттарды әрқайсысы ең көбі бір айда қарап шығуы тиіс. «Өкінішке қарай, құжаттар құзырлы органдардың қарауында жылдап жатады. Тағы бір айтар жайт, ішкі істер саласының облыстағы департаменттері материалдарды талапқа сай дайындамайды. Осының салдарынан кемшіліктерді түзеу мақсатында құжаттар кері қайтарылады. Тексеру барысында азаматтық алуға қатысты материалдарды иелеріне негізсіз қайтару фактілері де анықталды», - дейді С.Нұрпейісов.