Квазимемлекеттік компаниялардың бюджеті қоғам үшін ашық болуы керек - Берік Дүйсенбинов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов квазимемлекеттік мекеменің бюджетін қоғам мен Парламенттің қадағалауына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Квазимемлекеттік компаниялардың бюджеті қоғам үшін ашық болуы керек - Берік Дүйсенбинов

«Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қайғылы қаңтар оқиғаларына қатысты «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында парламенттік жүйені байыпты түрде реформалау қажеттігін атап өткен болатын. Ал 11 қаңтарда Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысы кейбір мемлекеттік органдардың қызметін сәтсіз деп атап, олардың қоғамда әлеуметтік теңсіздік пен мүліктік жіктелуге әкеп соққанын айтты. Соған байланысты ол әлеуметтік-экономикалық саясатты қайта құрып, оның ішінде бюджеттің қосымша кіріс көздерін табу туралы тапсырма берді. «Ақ жол» фракциясы бүгінде ондай көздердің бар екенін, тек олардың қоғам үшін көрінбейтінін, ал оның ресурстары мемлекетке емес, аз ғана бір топтың мүддесіне ғана қызмет етеді деп есептейді. Дәл осы Парламент жүйесін реформалау арқылы осы қаржы көздерін «жарыққа шығарып» және оларды халыққа қызмет еткізуге мүмкіндік бар», - деді Б. Дүйсенбинов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, «Ақ жол» партиясы бірнеше жылдар бойы жыл сайынғы республикалық бюджетті бекіту және оның жүзеге асырылуы бойынша есепті тыңдау барысында Үкіметке осы талапты қойып келеді.

«Мәселе экономикамыздың 60 пайызын құрайтын, 6,5 мың заңды тұлға кіретін квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігі туралы болып отыр. Квазикәсіпорындардың жарғылық капиталы мен шығындары мемлекеттік бюджеттің миллиардтаған сомасынан құралып, тұрақты толықтырылып тұрады. Алайда, олардың жұмсалуы, яғни, кеңселер мен көліктерді ұстау, сыйақылар мен бонустардың қалай бөлінуінің барлығы қоғамға да, Парламентке де жұмбақ. Сондай-ақ, олардың қандай табыс тауып және оны қалай ұстайтындарын да ешкім білмейді. Дәл осы жерде жүйелі заңбұзушылық орын алып, жемқорлық тамырын жаюда және мемлекет есебінен еш шектеусіз баю көзіне айналған. Шығынға белшесінен батып жатса да, менеджерлер өздеріне миллиондаған сыайқы бөліп, бүкіл халықтың мойнына жүктелетін сыртқы қарыздың қомақты бөлігін қалыптастыруда. Сондықтан, квазимемлекеттік мекеменің бюджетін қоғам мен Парламенттің қадағалауына қайтару – өте маңызды шара», - деді депутат.

Оның пайымынша, олай болмаса, Парламент пен қоғам экономикамыздың бақандай алпыс пайыз табысын көре алмай отыр.

«Бұл жерде әңгіме елдің ауызындағы «Самұрық-Қазынада» ғана емес. Бұлар – «Бәйтерек қоры» және министрліктер мен әкімшіліктердің маңайына үймелеген «СҚ-Фармация» қоры, «Парасат» холдингі, СПК сияқты қаптаған РГП, АО және ТОО-дан аяқ алып жүру мүмкін емес. Негізінде, СПК дегеніміз – аймақтар деңгейінде құрылған сол «Самұрық-Қазынаның» түрі. Олар шағын орта бизнесті қолдау үшін, әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін құрылған болатын және оларға бизнес пен мемлекет қанша қаржы шығынданды. Алайда, бұл құрылымнан «пайда бар ма», осыны сараптайтын кез келген сияқты. Олардың бюджеттері, шығыстары мен кірістері толығымен ашық болып, республикалық және жергілікті бюджеттерге кіргізіп, ал олардың басшылығы шығыстар мен жеткен жетістіктері туралы қоғам алдында есеп беруі тиіс», - деді Берік Дүйсенбинов.

Депутаттың сөзіне қарағанда, екінші резервтің көзі – міндетті «жинақтаушы», «сақтандыру» немесе «мүшелік жарна» деп аталатын азаматтар мен кәсіпкерліктің шын мәнінде қосымша салықтарға айналып кеткен міндетті төлемдері. Медициналық және әлеуметтік сақтандыру қоры қаражатының тұлғасыз пайдаланылуы мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының маңайындағы жиі болатын дауларды ескерсек, осы қорларды басқару, олардың шығыстары мен сыйақылары да Парламенттің ашық талқылауы мен бақылауында болуы тиіс.

«Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы мемлекеттік бюджетке барлық квазимемлекеттік мекемелердің бюджеттерінің ашықтығы бойынша арнайы тарау енгізіп, басшыларын қоғам алдында өз шығындарын дәлел келтіре отырып қорғауды және жұмыс нәтижесі туралы есеп беруді міндеттеуді ұсынады», - деді ол.