Квота мен Қытай субсидиясы тоқтады – Елдің электрмобиль нарығын не күтіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның электрлі көлік нарығы жаңа кезеңге қадам басты. 4 қазанда елдің 2025 жылға арналған 15 мың дана салықсыз электр көлігін импорттау квотасы мерзімінен бұрын таусылды. Осы уақытта Қытай үкіметі 2026–2030 жылдарға арналған «Он бесінші бесжылдық» жоспары аясында мұндай көліктерді стратегиялық дамып келе жатқан салалар қатарына қоспайтынын жариялады. Бұл 15 жыл бойы жүргізілген субсидия саясатының ресми аяқталғанын білдіреді. Екі шешімнің қатар қабылдануы Қытай жеткізіліміне тәуелді Орталық Азия нарығына қалай ықпал етеді? Kazinform тілшісі осы тақырыпқа жасаған шолуын ұсынады.

электромашина
Фото: Kazinform / Freepik

Қазақстандағы электрлі көлік өсімі

Соңғы жылдары Қазақстанда электрлі көліктер саны күрт артты. Қазақстандық Автобизнес қауымдастығының (АКАБ) дерегінше, 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елде тіркелген мұндай көліктердің саны шамамен 15,8 мың данаға жетіп, 2023 жылдың басымен салыстырғанда он есеге жуық өскен.

электромобиль
Фото: Миллий статистика қўмитаси

Көлік паркі негізінен жаңа: 90,5%-ы – үш жыл толмаған, 9,1%-ы – үш пен он жыл аралығында, ал 10 жылдан асқандары небәрі 0,4%. Аймақтар арасында Алматы қаласы – жалпы үлестің жартысынан астамын, Астана – 11,9%, Алматы облысы – 5,6%-ын иеленеді.

Нарықтағы қытайлық брендтердің үстемдігі

Қазақстан нарығында жаңадан тіркелген электрлі көліктердің 88%-ы — Қытай брендтеріне тиесілі. 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында 964 дана BYD, 702 дана HONGQI, 409 дана ZEEKR көлігі сатылған. Жалпы нарық үлесінде ZEEKR – 27,3%, BYD – 18,7%, HONGQI – 10%-ды алады.

Бұл өсім, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде берілген салықтық жеңілдіктер мен квоталарға байланысты болды. 2023 жылы 8 443 дана, 2024 жылы 9 680 дана электр көлігі салықсыз әкелінген, ал 2025 жылы квота 15 мыңға жетіп, ол 14 қазанда толық пайдаланылды.

Квота аяқталғаннан кейін импортталатын көліктерге 12% қосылған құн салығы мен 6 ең төменгі жалақы мөлшеріндегі (23 592 теңге) кедендік алым салынады.

Қытай саясаты және аймаққа әсері

Қытай Мемлекеттік кеңесі жариялаған жаңа жоспарға сәйкес, кванттық технологиялар, биологиялық өндіріс, сутегі энергетикасы және ядролық синтез — басым салалар ретінде айқындалды, ал электрлі көліктер енді бұл тізімде жоқ.

электрлендіру басталды
Фото: kaz.people.cn

2010-жылдардан бері жүргізілген субсидия бағдарламаларының нәтижесінде Қытайдың электрлі көлік өндірісі 2015 жылғы 37 мыңнан 2024 жылы 1,1 миллион данаға жетіп, әлемдік нарықтағы үлесі 60%-дан асты.

Алайда өндіріс қуаттылығының тек 70%-ы пайдаланылып, ішкі нарықтағы бәсекелестік пайда маржасын 5%-ға дейін түсірген. 2026 жылдан бастап Қытай экспорттық бағасын 10–20%-ға көтереді деп болжануда. Бұл Қазақстандағы квота жойылуымен қатар, аймақтық нарыққа қысым түсіруі мүмкін.

Қысқа мерзімде импорт көлемі 5–10%-ға азайып, нарықтағы үлес 2025 жылғы 15%-дан 10%-ға дейін төмендеуі ықтимал. Бұл ретте дәстүрлі отынмен жүретін көліктер нарығы уақытша ұтады, бірақ экологиялық тиімділікті арттыру процесі баяулайды.

авто Китай
Фото: ixbt.com

Индустриялық жауап және жергіліктендіру

Сарапшылардың пікірінше, мұндай саяси өзгерістер Қытай компанияларын өндірісті шетелге, әсіресе Орталық Азияға көшіруге итермелей түседі.

2025 жылғы сәуірде өткен Қытай–Қазақстан стратегиялық диалогі барысында Қытай тарапы Қазақстанда электр көліктерін жергіліктендіру жобасын ұсынды. Қазақстан тарапы бұл бастаманы толық қолдап, 2030 жылға қарай жергіліктендіру үлесі 20%-ға жетіп, 50 мың жаңа жұмыс орны ашылатынын болжады.

Сонымен қатар, Қазақстанның сирек жер элементтері мен литий қоры Қытайдың жеткізу тізбегіне енгізілу арқылы өндірістің жоғары және төменгі ағымдары өзара үйлестірілмек.

Плагин-гибридті көліктерөтпелі шешім

Плагин-гибридті көліктердің үлесі айқын өсіп келеді: 2023 жылы – 1 700 дана, 2024 жылы – 5 700 дана (өсім 232%), ал 2025 жылдың алғашқы жеті айында – 6 400 дана тіркелген. 815 мәрте LIXIANG L7 моделі тіркеліп, елдегі ең танымал үлгілердің біріне айналды.

Парламент пен Үкімет ұстанымы

«Ақ жол» партиясының депутаты Олжас Нұралдинов Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Еуразиялық экономикалық комиссияға салықтық жеңілдіктерді кемінде үш жылға ұзарту, елде 50 мыңға дейін зарядтау станциясын салу және жергілікті құрастыруды қолдау жөнінде ұсыныс білдірді.

Энергетика министрлігі өз кезегінде Қытай субсидиясының аяқталуын Орталық Азия үшін индустриялық ынтымақтастықты тереңдетудің тарихи мүмкіндігі деп атады.

Артур Мискарян
Фото: А. Мискарянның жеке мұрағатынан

Квотаның аяқталуы елдегі электр көлігі нарығына қалай әсер етеді

Қазақстандағы автомобиль нарығын сараптау және мониторингілеу агенттігінің директоры Артур Мискарянның айтуынша, Қытайдың субсидия саясатының аяқталуына «сұр» экспорт факторы әсер еткен.

Қытай тарапы келесі жылдан бастап енгізуді жоспарлап отырған шаралар ішкі нарыққа арналған жаңа автокөліктердің «сұр» арналар арқылы сыртқа шығарылуының алдын алу үшін жасалған. Мұндай шаралар экспорттық қолдауды оңтайландыруға және қытайлық автоконцерндердің шетелдегі беделін қорғау үшін қажет. Себебі «сұр» экспорт арқылы Қытайдан шығарылған көліктерге кепілдік жасалмайды және сервистік қолдау қамтамасыз етілмейді. Бұл өзге елдердегі сатып алушылардың алдында брендтің беделін түсіреді, - дейді сарапшы.

Сондай-ақ ол квотаның аяқталуына байланысты электрлі көліктерді елге әкелу күрт азаймайтынын атап өтті.

Келесі жылы электромобильдерді бажсыз әкелуге берілетін квотаның тоқтатылуы олардың импортын толық тоқтату немесе тыйым салу дегенді білдірмейді. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, квотаға қарамастан, электромобильдерді әкелген кезде қазақстандықтар кедендік баж бен утильалымнан босатылады. Тек жаңа 16% ҚҚС мөлшерлемесін төлеу қажет болады – бұл жеке пайдалану үшін электромобиль әкелуді жоспарлағандар үшін енгізілетін жалғыз өзгеріс, - деді Артур Мискорян.

Қалыптасқан жағдайды қорыта келгенде, Қазақстанның электрлі көлік нарығы «саяси жеңілдіктерге тәуелді» кезеңнен өтіп, «индустриялық ішкі даму» дәуіріне аяқ басты деп айтуға болады. Ал бағаның өсуі қысқа мерзімде тұтынушыларға қиындық тудырғанымен, ұзақ мерзімде жергіліктендіру, аймақтық өндірістік ынтымақтастық және инфрақұрылымдық жаңарту тұрақты дамудың негізін қаламақ. Осылайша Орталық Азия болашақта электр көліктерін импорттаушыдан – аймақтық жасыл өндіріс орталығына айналуы әбден мүмкін.

Соңғы жаңалықтар