Қылмыстық іс жүргізу кодексі екінші оқылымда мақұлданды - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Қылмыстық іс жүргізу кодексі екінші оқылымда мақұлданды - Мәжіліс

Аталған кодекс жобасы сот төрелігін жүргізудің тиімділігін арттыру, адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын сақтау және қорғау кепілдігін күшейту мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізуді жаңғыртуға бағытталған. Бұл мақсатта қылмыстық қудалауды бастау рәсімін оңайлату көзделеді. Сонымен қатар, тергеу мен анықтау органдарының азаматтар құқықтарын қозғайтын әрекеттерді дербес қабылдау бойынша өкілеттіктері тарыла түседі. Ал адвокаттар сотқа дейінгі іс жүргізуден бастап қатысуы кеңейтіледі. Сонымен бірге, сот ісін жүргізу де оңайлатылып, жеделдетіледі, өйткені үлкен көлемді тергеу және сот әрекеттерін жүргізудің қажеті болмайды. Сондай-ақ қылмыстық сот ісін жүргізу шеңберінде жедел іздестіру шараларын жүргізу тәртібі реттеледі. Сонымен бірге мезгілде мұндай әрекеттерге прокурордың санкция беруі азаматтарды олардың жеке өміріне қолсұғылмаушылық конституциялық құқығының бұзылуынан қорғауға мүмкіндік береді.

Тағы бір жаңалық соттың сотқа дейінгі іс жүргізуді бақылауын кеңейту мақсатында қылмыстық процеске тергеу судьясы институты енгізілетін болады. Оның өкілеттігіне жекелеген тергеу әрекеттеріне санкция беруден басқа, сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында тараптардың шағымдары мен өтінішхаттарын қарауды енгізу де ұсынылады.

Құжатты екінші оқылымда талқылау барысында да бірқатар түзету енгізілген. Атап айтқанда, азаматтардың қылмыстық процестегі құқықтарын күшейту мақсатында куәның, жәбірленушінің айғақтарын сақтауға беру кезінде тараптардың бірдей қатысу жағдайларына кепілдік беретін норма ұсынылған. «Бұдан бөлек, қылмыстық заңнамада жиі кездесетін көптеген ұғымдарды қазақ тіліндегі заң мәтінінде бірізді қолдану мақсатында мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен нұсқалары қабылданды. Нәтижесінде кодекс жобасының тақырыбы өзгертілді», - дейді депутат Рамазан Сәрпеков.

Сонымен қатар, кодекс жобасын талқылау барысында бұлтартпау шарасын қолдану кезіндегі кепілдің мөлшері елеулі түрде (екі есеге дейін) азайтылған. Сондайақ айрықша жағдайларда, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына қатысты кепілдің мөлшері ең төменгі мөлшерден де аз қолданылуы мүмкіндігі қамтылған.