16:55, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Қылмыстық процеске қатысушылардың қауіпсіздігіне бағытталған жоба бойынша Парламент палаталары арасындағы келісім комиссиясының ұсыныстары қабылданды
АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процеске қатысушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына байланысты,
қос палата арасында құрылған келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстарын қарап, құжатты қабылдау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасы мемлекеттік қорғауға жататын тұлғалар шеңберін кеңейту, сондай-ақ қылмыстық процеске қатысушы адамдарға қауіпсіздік шараларын қолдану жөнінде өтініш айту құқығын беруді көздейді. Сонымен бірге, қылмыстық процесті жүргізуші органның қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы шешіміне шағым жасау құқықтары да қамтылады. Осы мақсатта заң жобасымен Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне, «Жедел іздестіру туралы» Заңға өзгерістер енгізілетін болды.
Парламент Сенаты Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына бірқатар түзетулер жасаған болатын. Атап айтқанда, заң жобасының атауына қатысты «қылмыстық процеске қатысушы адамдарды» деген сөздерді «мемлекеттік қорғалуға жататын адамдар» деген сөздермен алмастыру ұсынылады. Сонымен бірге, сот орындаушыларын да мемлекеттік қорғалуға жататын адамдардың тізбесіне қосу қарастырылып отыр. Бұдан басқа тәртіптік әскери бөлімде ұсталатын адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты түзетулер де енгізілген.
Қос палата арасындағы келісім комиссиясы түзетулердің бірқатарын бірлескен редакцияда, жекелеген баптарды Мәжіліс пен Сенат ұсынған редакцияда қабылдау туралы шешім шығарған болатын.