Қылмыстық топтар мұнай мен мұнай өнімдерін ел аумағынан контрабандалық жолмен шығаруларын тоқтатар емес
АСТАНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жыл басынан бері елімізден контрабандалық жолмен тасымалданған мұнай мен мұнай өнімдерінен мемлекетке келген шығын 2 миллиард 481,5 миллион теңгені құрады.
Бұл туралы бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Ақтөбе облысында «КНПЗ-трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары мен кедендік бақылау комитетінің қызметкерінен құрылған қылмыстық топ құрықталған. Қылмысы дәлелденген «КНПЗ-трейд» ЖШС-ның директоры А.Ягодкиннің
мал-мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал С.Ертаев мүлкі тәркіленіп - 4 жылға, С.Бектұрғанов 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Кедендік бақылау комитетінің өкілі З.Мағзом 4 жыл абақтыда отырады. «Аталған азаматтардың барлығы сыбайласып, мұнайды контрабандалық жолмен сыртқа тасымалдап, мемлекетке 558,4 миллион теңгеге шығын келтірді», деді ресми өкіл.
Сондай-ақ оның мәліметтеріне қарағанда, Қызылорда облысында «Сұңқар 777» ЖШС-ның директоры М.Сейсенбайұлы мен «НЭК НОВА Ойл» ЖШС-ның бастығы Е.Двуречинский 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар қылмыстық жолмен алынған шикі мұнайды сақтап, саудаға салған. Сонымен қатар, контрабандалық жолмен алынған 946 тонна шикі мұнайды мазут ретінде мемлекет аумағынан алып шықпақ болған.