Қылмысын мойындағаны үшін жазадан босату тәртібі қатаңдатылмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әділет министрлігі қылмыстық заңнамадағы кінәсін мойындағаны үшін жазадан босату туралы баптарға түзету енгізуді ұсынып отыр. Бұл туралы вице-министр Алма Мұқанова Мәжіліс депутаттарына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстырған кезде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қылмыстық заңның жалпы ережелерін жетілдіру шеңберінде процестік келісім бойынша кінәні мойындау нысанында қылмыстық жауаптылықтан босатуды алып тастау ұсынылады», - деді ол.
Айтуынша, қазіргі таңда процестік келісім 2 нысанда жасалады. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа не ауыр қылмыстар бойынша – күдікті, айыпталушы келтірілген күдікпен, айыптаумен келіскен жағдайда кінәні мойындау туралы мәміле жасалып, соның негізінде жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Сондай-ақ, қылмыстық топ жасаған қылмыстарды, өзге де адамдар жасаған аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге ықпал ету кезінде барлық санаттағы қылмыстар бойынша ынтымақтастық туралы келісім бекітілген кезде жауаптылықтан босату көзделген.
«Қылмыстық заң процестік келісімнің барлық шарттарын орындаған адамның қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін екенін белгілейді Бұл Қылмыстық кодекстің 67-бабында көрсетілген.
Процестік келісім немесе «тергеумен мәміле» кезінде адам кінәні мойындайды, дәлелдемелер мен залалдың мөлшеріне дау айтпайды, тергеу мен сот жеделдетілген тәртіппен жүреді, яғни кінәні дәлелдеу үшін мемлекеттің уақыты мен қаражаты үнемделеді.
Алайда, жоғарыда аталған процестік келісімнің екі нысаны арасында түбегейлі айырмашылық бар: егер бірінші жағдайда сотталушы тек өзінің кінәсін мойындап қана қойса, екінші жағдайда оның қылмысты одан әрі ашуға белсенді жәрдемдесуі талап етіледі. Бұл екі нысанда қылмыстық іс қаралып жатқан сотталушыларды тең емес жағдайға қояды.
Бұл ретте, іс жүзінде кінәні мойындау туралы мәміле міндетті түрде соттың айыптау үкімімен аяқталады және жазаның ең жоғары мерзімінің немесе мөлшерінің жартысынан аспайтын жаза тағайындалады (ҚК 55-бабының 3-бөлігі). Егер сот кінәні мойындау туралы мәмілемен келіспесе, онда ол істі прокурорға әдеттегідей тергеуді ұйымдастыру үшін қайтарады. Осылайша, ҚК-нің 67-бабының ережелері іс жүзінде кінәні мойындау туралы мәмілеге қолданыла алмайды.
Осыған байланысты осы баптың қолданылу аясын ынтымақтастық туралы іс жүргізу келісімінің барлық шарттарын орындау жағдайларымен ғана шектеу ұсынылады», - деді Алма Мұқанова.