«Қымыран енді дүкенде сатылатын болды» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 24 қараша, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Саммит - Елбасы саясатының салтанаты», деген тақырыппен мақала басылды. Авторы - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі Дархан Кәлетаев. «ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымның тізгінін Қазақстанға ұстату арқылы әлемдік қауымдастық Қазақстанның, Қазақстан Президентінің әлем алдындағы беделі мен белсенділігін танып, қуаттап отыр. Тиісінше, Қазақстан төрағалық еткен бір жылдың ішінде ЕҚЫҰ-ның беделі мен белсенділігі де мейлінше артты. Астана Саммиті Қазақстанның тарихи төрағалығының жарқын көрінісі, жемісті нәтижесі болмақ. Жаңа тарихтың, шынайы, жалпы еуразиялық кеңістіктегі татулық тарихының іргетасы Астанада қаланатын болады. Бұл - Еуразия кеңістігіндегі жаңа геосаяси одақтың - Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық Одағының іргетасы боларына күмән жоқ», - дейді мақаласында Д. Кәлетаев.
Сондай-ақ «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында «Қара археологияны» қашан қоямыз?» деген мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, Қазақстанда археология ғылымы соғыстан кейінгі ауыр кезеңде дүниеге келді. 1946 жылы Әлкей Хақанұлы Марғұлан алғаш рет арнайы археологиялық экспедиция жабдықтап, тарихшы ғалымдардың аяғы баспаған Бетпақтың шөліне қарай аттанды. Осыдан кейін отыз жыл бойы Әлекең ұлы даланы шиырлап қазақ тарихының көне сорабына дәлел болатындай дерек іздеді. Ол кезде шежірені ауызға алу қорқынышты болатын, ол кезде қазақта қытай, араб деректерін, әсіресе көне иран жазба дәстүрлерін білетін адамдар болған жоқ. Сол себепті академик қазақ тарихының іргетасын археологияға сүйене отырып жасады, басқа амал жоқ еді. Ал ескерткіштерді жаппай қазу, қорғандарды аударып-төңкеріп, бульдозермен тегістеп кету кейін басталды.
***
«Айқын» басылымының хабарлауынша, Ресеймен шекаралас жатқан Құрманғазы ауданының шалғай елді мекенінің тұрғындары қазақстандық шекарашыларға аспаннан беймәлім заттың жерге құлап, өртенгенін хабарлаған. Күні бүгінге дейін бұл заттың не екенін білу жердің шалғайлығынан мүмкін болмай тұр. Аудан орталығы Ганюшкинодан - 320, ал Ресей шекарасынан 2-3 шақырым жердегі «Қоңыр терек» елді мекенінің тұрғындары беймәлім құрылғының аспаннан жерге түскенін және ол түскен жерді өрт шалғанын айтқан. Олардың мәліметінше, өртеніп кеткен және алғашқы қалпы бұзылған металдың ұзындығы 2,5 диаметрі 1 метр. Алайда облыстың төтенше жағдайлар департаменті мен өзге де тиісті құрылымдар бұл құрылғының не зат екенінен хабарсыз болғандықтан 22 қарашада түскі мезгілде құрамында облыс әкімдігі өкілдері мен төтенше жағдайлар департаменті мен экологтардан құрылған комиссия оқиға орнына жүріп кетті. Бұл жайында толық білгіңіз келсе басылымның бүгінгі нөміріндегі «Екі ел арасына «от» тастаған кім?» деген мақалаға зер салыңыз.
Сондай-ақ осы басылымда «Жер қойнауы - ел экономикасының іргетасы» атты мақала жарияланды. Мақала авторының жазуына қарағанда, былтыр Қазақстан уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орынға көтерілген. Жер бетіндегі уран қорының 21 пайызы біздің елімізде жинақталған, мамандар оның қорын 1,5 миллион тоннаға бағалауда. Ал жалпы тау-кен өндірісі жылына шамамен 5,5 триллион теңге, немесе 38 миллиард доллар табыс түсіреді екен. Бұл елімізде өндірілетін барлық өнімнің 60 пайызы, немесе елдің Ішкі жалпы өнімінің шамамен 19 пайызын құрайды. «Алайда сарапшы, география магистрі Марат Шибұтовтың айтуынша, шын мәнінде, тау-кен өнеркәсібі саласының елдің ішкі жалпы өніміндегі үлесі бұдан біршама төмен, өйткені ішкі жалпы өнімнің көлемін есептеу кезінде ұлттық қордың банктерге жасаған көмегі де есепке алынған дейді маман. - Жалпы, тау-кен өнеркәсібі саласының өнімі экспортымыздың 80 пайызын құрайды, тіпті одан алатын валюталық түсімнің де 80 пайызын құрайды. Астық, электр энергиясы сияқты экспортымыздың қалған бөліктері, әрине, бұдан төмендеу түсім береді. Шикізаттық түсімнің 84 пайызы мұнай мен ілеспе газдың үлесінде. Бірақ таза газдың үлесі аз-ақ, шамамен 1-ақ пайыз», делінген мақалада.
***
«Алаш айнасы» газетінің сәрсенбілік нөмірінде «Қымыран енді дүкенде сатылатын болды» деген тақырыппен мақала басылды. Мақала авторының айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында жеке кәсіпкер Оразалы Мұстафин емдік қасиеті мол түйе сүтін қабылдап, оны қайта өңдеу кәсібін қолға алды. Ол «дала кемесі» атанған жануардың сүтін өңдеп, арнайы пластикалық ыдысқа дайын шұбат құятын жабдық сатып алды. Бұл республика бойынша мұндай кәсіппен шұғылданатын алғашқы орталық саналады.
Сонымен қатар «Алаш айнасының» бүгінгі нөмірінде медицина ғылымының докторы, Буын аурулары орталығының директоры, ҚР Бас ревматологы Ғалымжан Тоғызбаевпен болған сұхбат басылды. Ғалымның айтуынша, бүгінгі таңда жер бетінде буын аурулары дендеп барады. Осындай қалыптасқан жағдай әлем елдерін алаңдатып отыр. Бүгінде әлем азаматтарының 48 пайызының буын және сүйек ауруларынан зардап шегетіні белгілі болып отыр. Айта кетер жайт - біздің елімізде де осы уақытқа дейін ревматология саласына жеткілікті көңіл бөліне қойған жоқ. Ревматологиялық аурулар қатарына жататын 100-ден астам аурудың түрлері бар. Ал елде ревматолог мамандардың тапшылығы айқын сезілуде. Ревматология бөлімшелері мүлдем жоқ. Елімізде 1000-ға жуық кардиолог маман бар. Ал практикалық ревматолог дәрігерлердің саны - 83 қана. Ол дегеніңіз - 200 мың Қазақстан азаматына бар-жоғы бір ғана ревматологтан келеді деген сөз. Сұхбаттың толық нұсқасын «Егер медицина саласында бәрі керемет болса, реформа жасау керек болмас еді» деген мақаладан оқып-біле аласыздар.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Қазақстан жастары елімізде болып жатқан үдерістерге белсенді атсалысуда. Олар поскеңістік кеңістіктегі осындай жоғары дәрежеде алғаш рет ұйымдастырылғалы отырған және 56 мемлекеттің басшыларының және 65 халықаралық ұйым өкілдерінің басын қосатын ЕҚЫҰ-ның Саммитін асыға күтуде. Елордада өтетін халықаралық ұйымның Саммитіне еріктілер ретінде көптеген жастар қатысады. Олар алқалы жиында аудармашылар мен қонақтарды күтіп алушыларға қолғабыс етіп, өзге де қажетті шараларға атсалыспақ. Осының барлығы да шетелдіктердің алдында еліміздің бет-бейнесін жарқын етіп көрсету мақсатында қолға алынып отыр.