«Қымыз туралы Үкімет қаулысы керек» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 30 қазан, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

« Айқын »­ басылымының бүгінгі санында ҚР Парламенті қабырғасында талқыланған бірқатар мәселелерге назар аударылады. Газеттің xабарлауынша, отырыс барысында сенаторлар Қазақстанды «гендік модификацияланған өнімдерден ада» елге айналдыруды ұсынған.

Жобаларды талқылау барысында Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Ақан Бижанов сөз алды: - Гендік модификацияланған өнімдерге қатысты ғалымдар арасында да, қоғам ішінде де, қызу пікірталастар жүруде. Мамандар қарсылықтарын білдіруде. Көпшілігінің байламынша, ГМО-лы өсімдіктер өсіруге жері шағын, ресурсы шектеулі, халқы тығыз мемлекеттер барады. Олардың басқа жолы жоқ. Мұндай өнімдердің халық үшін салдары қандай екені баршаға мәлім. Әрине, ғылымды дамытуымыз керек. Алайда осынша мол жерге және басқа ресурстарға ие бола отырып, сол жолға түсу, меніңше, дұрыс емес! - деді сенатор.

Ақан Құсайынұлы ГМО-ға қатысты мемлекеттің әлі түпкілікті шешім қабылдамағанын айта келе, бұл турасында депутаттардың өз пікірлерін білдіргені жөн болатынын нұсқады.

«Біздің байламымыз бойынша, Қазақстанды қазіргі күйде қалдырған абзал. Яғни менің ойымша, «Қазақстанда жасалған» деген сөз ол өнімде «гендік модификацияланған ағзалар жоқ!» дегенді білдіруі керек. Осының арқасында біз бәсекелестікте жеңер едік. Және халықтың денсаулығы тұрғысынан да пайдаға шығамыз», - деп атап өтеді А. Бижанов.

Келесі болып сөз алған депутат Қуаныш Айтаханов та қызықты ұсыныс айтты: «Қазақстан дегенде, әлем жұртшылығы қымыз бен шұбатты еске түсіретін болуы керек. Органикалық өнім дегенде біз халқымыздың байырғы асы, сусыны - сайын далада, экологиялық таза аймақта өндірілетін қымыз бен шұбат, қазы мен қарта, жал мен жая туралы сөз қозғауға тиіспіз».

- Өйткені олар қазақ үшін дастарқанның ырысын келтіріп тұратын берекенің, дәулет пен салтанаттың белгісі ғана емес, адам ағзасына өте пайдалы, әртүрлі ауруларға қарсы - жүйке мен иммундық жүйелердің, жүрек пен қан-тамырларының дертіне дауа. Сондықтан ғасырлар бойы жылқы мен түйе малын асырауда, қымыз бен шұбат дайындауда елімізде бай тәжірибе қалыптасқанын, олар ұлтымыздың мақтанышы екенін ескеріп, сапасын жоғалтып алмай, ұлттық брендке айналдыру үшін қымыз бен шұбаттың классикалық дайындау үлгілері, қойылатын талаптары, стандарттары, мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетін нормативтік құжат немесе Үкіметтің қаулысын қабылдау қажет! - деген Қуаныш Айтаханов бұларды экспортқа шығарудан қомақты қаржы табуға болатынын қосты.

Осы тақырыпқа қатысты толық жайтты "Қымыз туралы Үкімет қаулысы керек" атты мақаладан біле аласыздар.

Кеңес өкіметі күйрегеннен бері осы кеңістіктен шыққан жазушы алғаш рет әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алды. Бұл оқиға қазақ әдеби қауымын бір жағы үміттендірсе, екінші жағынан ойға батырды. Нобель сыйлығын алу үшін не істеу керек? Осы сауалға жауапты "Айқын" газеті өзінің келесі мақаласында іздеп көреді.

"Орыс тілінде жазатын беларусь жазушысы Светлана Алексиевичке әлемдегі ең мәртебелі сыйлықтардың бірі «көп дауысты шығармашылығы - біздің уақытымыздағы тауқымет пен қажырлылыққа қойылған ескерткіш» үшін бұйырды. Бұл - әдеби тәжірибелері ортақ, тарихтары ұқсас бұрынғы кеңес елдері ақын-жазу­шылары үшін елеулі оқиға. Өйткені соңғы рет мұндай сияпатқа 1987 жылы орыс тілді ақын Иосиф Бродский бөленген. Бродский мен Алексиевичті «біріктіретін» - орыс әдебиеті ғана емес, билікпен ымыраласпайтын, өз кезеңдеріне сай саяси ұстанымдары. Айтпақшы, осы сыйлыққа бұған дейін қол жеткізген орыс тілді бес жазушының Шолоховтан өзге төртеуі де кеңес өкіметінің қырына іліккен: Бунин мен Бродский шетел асуға мәжбүр болса, Солженицын диссидент атанды, Пастернакқа шетелде шыққан романы үшін сыйлық берілді. Ал Алексиевичтің өзі он жылдан астам Еуропа елдерінде тұрып келген. Беларусь президенті Александр Лукашенкомен баспасөз бетіндегі текетірестері әлі күнге дейін жалғасуда. Сонда Нобель сыйлығымен марапаттауда жазушының шығармашылық табысынан гөрі саяси табандылығы көбірек ескеріле ме?", - деп ой толғайды "Айқын" тілшісі "Көкейді тескен сом сыйлық...қазақ ақын-жазушыларына Нобель жүлдесі қашан бұйырады?" атты тақырыппен берілген материалында.

"Альфред Нобель қомақты қаржысын мұраға қалдыра отырып, оның әлемде бес салада жетістікке жеткендерге берілетінін, «...бір бөлігі әдебиет саласында идеалистік бағыттағы ең озық шығарма тудырған адамға кететіндігін» өсиет еткен. Ал Швед Академиясының жүз жылдан астам уақыт бойы «идеалистік» дегенді қалай түсініп келгені жұмбақ. Өйткені қордың жарғысына сай сыйлықтың тағайындалуына қатысты барлық құжаттар мен хаттамалар 50 жыл бойы құпия сақталуы тиіс", - деп түсіндіреді басылым.

***

"Медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі" деген тақырыппен "Егемен Қазақстан" газетінде көлемді мақала жарияланып отыр.

Басылымның жазуынша, кешегі Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында он төрт мәселе қаралды. Соның ішінде жалпы отырыс барысында қызу талқыға түскен заңдық құжаттардың бірі «Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен Сенат тарапынан қолдау тапты.

"Заң міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуді көздейді. Аталған жүйені енгізу бірнеше кезеңнен өтіп, әрбір кезең жұмыс беруші мен азаматтардың қатысу үлесін ұлғайтуды қамтитыны болады. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова құжатта азаматтарға көр­сетілетін медициналық көмек­тің екі пакеті белгіленіп отыр­ғанынан хабардар етті. Біріншісі - базалық пакет немесе мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмек. Ол аза­мат­тардың конституциялық құқығын қамтамасыз етуді көздейді және толықтай республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Бұған жедел медициналық жәр­дем, санитарлық авиация, әлеу­меттік мәні бар аурулар, төтенше жағдайларда көрсетілетін меди­циналық көмектер, жаппай егу секілді бірқатар көмектер жатады. Ал ондай көмектер Қазақстанның барлық азаматтары мен оралмандары үшін қолжетімді болмақ", - деп xабарланады аталған мақалада.

Министр екіншісі міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру жүйесі есебінен қаржы­лан­дырылатын қосымша пакет екенін айтты. Ол базалық пакетке кірмейтін қосымша медициналық көмек түрлерін: амбулаториялық емханалық көмек, стационарлық және оны алмастыратын көмек, жоғары технологиялар қолда­нылатын медициналық көмекті қамтиды екен. Мұндай қосымша пакет тек міндеті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы азаматтарға ғана тиесілі әрі қолжетімді болатын көрінеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру жүйесі мемлекеттің, жұмыс беруші мен өзін өзі еңбекпен қамтыған азаматтардың міндетті сақтандыру төлемдерінен құ­ралады. ***

Ресми тілде жарық көретін "Литер" басылымы өзінің бүгінгі санында Қазақстан парламенті қабылданған бірқатар маңызды заңдарға тоқталады.

"Осы заңдардың арқасында қазақстандықтар "мобильді құлдықтан" құтылады, ХҚКО-ның орнына "Азаматтарға арналған Үкіметтік корпорация" құрылады, сонымен қатар азаматтар медициналық сақтандыру қорына ақша аударып отырулары тиіс болады", - деп жазады "Литер" "В Казахстане больше не будет «мобильного рабства" атты мақаласында.

Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мемлекеттік қызмет көрсету туралы заңнамаға енгізілетін өзгертулер мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері болатын корпорацияны құруды көздейтіндігін еске салды.

"Корпорацияға барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтары шоғырланады. Қазақстандықдар барлық мемлекеттік қызметтерді бір жерден алып отырады. Заң жобасының жүзеге асырылуы екі құралдың - ХҚКО мен "Электронды үкімет" арқылы жүреді. Республикада бүгінде 212 мемлекеттік қызмет көрсететін 267 ХҚКО бар", деп нақтылады ол.

Соңғы жаңалықтар
Референдум