Қырғыз елі ДСҰ-ға кірген шарттары бойынша Кеден одағына кіре алмайды - Б. Жәмішев

аусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қырғыз елі ДСҰ-ға кірген шарттары бойынша Кеден одағына кіре алмайды. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Кеден одағына қатысты заң жобалар топтамасын талқылау барысында Қаржы министрі Болат Жәмішев осылай мәлім етті.

Қырғыз елі ДСҰ-ға кірген шарттары бойынша Кеден одағына кіре алмайды - Б. Жәмішев

«Кеден одағына енуі үшін қандай шарттарды жасау және не істеу керектігін қырғыздардың өздері шешуі тиіс. Сонымен бірге, қырғыз елінде импорттық баждар төмен болғандықтан, Қытай арқылы келетін арзан тауарлардың Қазақстанды басып қалуы мүмкін деген мәселелер де айтылады. Дегенмен, бұған еш негіз жоқ. Ондай тауармен көмкеріп тастаудың бір ғана жолы бар - егер бұл тауарлар Қазақстан арқылы транзитпен қырғыз еліне баратын болса, ал ол жақтан контрабандалық жолмен келетін болса ғана. Егер бұл тауарлар заңды жолмен қайтадан Қазақстанға өтетін болса, онда белгіленген жоғары баждарды төлеуге міндетті», деді министр.

Сонымен бірге, Қаржы министрі Кеден одағы аясында контрабандамен күрес мәселесінің де өзекті болып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, оңтүстіктегі шекараны күшейту арқылы контрабандалық сауданы болдырмау шаралары қолға алынуда. «Контрабанда кез келген ел экономикасына елеулі залалын тигізеді. Біздің бұл тұрғыдағы мақсатымыз - оның алдын алу жолдарын жетілдіре отырып, шекараны нығайту», деді Б. Жәмішев.