Қырғыз нөмірлі автокөлік өзбек шекарашысын қағып кеткен

«30 желтоқсан күні сағат 02.30-да Ферғана облысына қарасты Сох ауданының Шайхатала елді мекенінің тұсында өзбек шекарашылары Қырғызстан аумағына контрабандалық жүкті заңсыз өткізбек болған қырғыз мемлекеттік В 6775 N нөмірлі «Мерседес-Гигант» автокөлігін байқаған», - делінген хабарламада.
Шекарашылар жасағының «тоқта» деген талабына тәртіп бұзушы пысқырмаса керек. Сондықтан өзбек шекарашылары ескерту ретінде аспанға оқ атуға мәжбүр болған. Бірақ соған қарамастан, тәртіп бұзушы сол тоқтамаған күйі шекарашылардың біреуін қағып, өте шыққан.
«Бұдан соң шекарашылар жасағы автокөлікті тоқтату үшін қару қолданған. Сол кезде шекара бұзушы автокөлікті, оның ішіндегі 5200 келі тартатын тауарды тастай қашып, бой тасалаған. Зардап шеккен шекарашының жағдайы қазір ауыр деп бағаланып отыр», - деп мәлімдейді ақпарат көзі.
Қазіргі уақытта осы факті бойынша Өзбекстанның құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады.