Қырғызстан әлемдік қоғамдастықтан Қ.Бакиевтің шоттарын жабуды өтінуде

АСТАНА. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат - Қырғызстанның уақытша үкіметі әлемдік қоғамдастықтан Құрманбек Бакиев пен оның төңірегіндегілердің шоттарын жабуды өтінуде.

Қырғызстан    әлемдік  қоғамдастықтан   Қ.Бакиевтің    шоттарын   жабуды  өтінуде

Бұл шара, 2010 жылдың сәуір айының басында екі тәуліктің ішінде елдің алты коммерциялық банкінен 200 миллион доллардың шығарылуымен байланысты, деп хабарлайды РБК агенттігі.

Уақытша үкімет басшысының орынбасары Темір Сариевтің айтуынша, алдын-ала мәліметтер бойынша, қаржы американдық банктердің бірінде жатыр. Бұл мәселе АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісімен талқыланған. Уақытша үкімет, экс-президент Қ.Бакиевтің төңірегіндегілердің бұл қаржыны лаңкестік әрекеттер ұйымдастыру үшін пайдалануы мүмкін екенін хабарлап отыр.

Қырғызстанда төңкерістен кейін бұрынғы президент Қ.Бакиевтің үстінен Бішкекте сәуірдің 7-сінде болған оқиғалар кезінде адам өлтіру фактілеріне байланысты және экс-президенттің өзінің қызмет жағдайын асыра пайдалану эпизодтарына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Естеріңізге сала кетейік, Қырғызстанның құқық қорғау органдары тағынан тайдырылған Қ.Бакиевтің бауырларын іздестіруді жалғастыруда. Елдің бұрынғы басшысы мен оның айналасындағыларға сыбайлас жемқорлық, журналистер мен саясаткерлерді өлтіру фактілері бойынша күдіктер келтірілуде. 200-ден астам қылмыстық іс қозғалып отыр. Елді тастап шыққан және қызметтен отставкаға кеткен Қ.Бакиев, өзіне және айналасындағы азаматтарға тағылған айыптарды теріске шығарып отыр.