Қырғызстанда 38 мыңнан астам қазақ тұрады - «Кабар» ақпарат агенттігі
БІШКЕК. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат. Қырғызстанда соңғы мәліметтер бойынша 38 мыңнан астам қазақ тұрады. Бұл туралы елдегі «Отан» қазақ мәдени орталығының төрағасы Бауыржан Ермекбаев мәлім етті,
деп хабарлайды «Кабар» ақпарат агенттігі. Қазақтардың көп бөлігі Ыстықкөл, Шу облыстары мен Бішкек шәһарында тұрады. Б.Ермекбаевтың айтуынша, Қырғызстанда қазақ мәдени орталығы алғашқылардың бірі болып, 1992 жылы құрылған. Бүгіндері орталық негізгі төрт бағытта - Қырғызстан халықтары ассамблеясы, жергілікті қазақ бірлестігі, қазақ елшілігі және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Айта кету керек өз аясына бірқатар этностарды біріктіретін Қырғызстан халықтары ассамблеясының құрылғанына биыл 15 жыл толды. Оның кезекті құрылтайы бүгін өтті.