Қырғызстанның халық әртісі «Шабыт» фестиваліне 20-сыншы рет қазылық етуде
Қазылар алқасы үздік тоғыз ұжымның ішінен Болат Сарыбаев атындағы арнайы сыйлық пен гран-при, сондай-ақ жүлделі үш орынның иегерлерін анықтайтын болады.
«Бірінші «Шабыт» фестивалінен бастап түрлі номинациялар бойынша қазылар алқасының мүшесі болып жүрмін. Осы жылдар ішінде фестиваль ауқымы айтарлықтай кеңейе түсті. Бүгін 9 ансамбльдің өнерін тамашаладық. Барлығы бір-бірінен асып түседі. Бір ұжымда отызға жуық музыкант бар, бұл - қажырлы еңбекті әрі тәртіпті қажет ететін жұмыс деп ойлаймын. Олар халық дәстүрін, фольклорды жандандыра отырып, музыканы жеткізудің жаңа тәсілдерін, үлгілерін іздеп жатыр», - деді аталмыш номинация бойынша қазылар алқасының төрағасы, Қырғызстанның халық әртісі, Қырғыз ұлттық консерваториясының ректоры Мұратбек Бегалиев.
Шығыс Қазақстаннан келген «Алтай» фольклорлық ансамблі мерейтойлық фестивальдің ерекше атмосферасын атап өтті.
«Біздің ұжым 17 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Фестивальге екінші рет қатысып отырмыз, бірақ бұл жолы жеңіспен қайтамыз деген ойдамын», - дейді ансамбльдің мүшесі Кәмшат Сантырова.
Айта кетейік, «Шабыт» XX халықаралық жастар фестивалі 2017 жылдың 3-7 қарашасы аралығында Астанада өтіп жатыр. Жас таланттар алты номинация бойынша бақ сынауда.