Қырғызстанның оңтүстігінде орын алған тәртіпсіздіктердің салдарынан адамдар жараланды

АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат - Қырғызстандағы жағдай ушығып тұр. Бакиевтің жақтастары облыс әкімшілігі ғимаратын басып алған Жалалабад қаласында бейсенбі күні экс-президенттің жақтаушылары мен уақытша үкіметті қолдаушы «Атамекен» партиясының өкілдерінің арасында қақтығыс орын алды. Бұл туралы РБК агенттігі хабарлап отыр.

Қырғызстанның оңтүстігінде  орын алған   тәртіпсіздіктердің салдарынан   адамдар жараланды

Ал «АкиПресс» агенттігінің ақпараты бойынша, тәртіпсіздіктер кезінде екі жақтан да атыстар естілген. Нәтижесінде 3 адам зардап шеккен.

Бакиевшілер Бішкектен үкіметтік әскердің келу ықтималдығынан қауіптеніп, осының алдында Жалалабадтағы әуежайды басып алған болатын. Әуежайдың ұшып-қону алаңында ұшақтың қонуына кедергі болып үлкен қой тастар жатыр.

Жағдай тек Жалалабадта ғана ушығып отырған жоқ. Бейсенбі күні таңертең елдің оңтүстігіндегі Ош қаласында жаңа үкіметтің жақтаушылары мен қарсыластары жиналды. Уақытша үкіметтің қарсыластары бұрынғы өкіметті қайтаруды талап етіп, ел конституциясының жаңа нұсқасына наразылық білдіруде. Олар облыстық әкімшіліктің ғимаратын басып алды. Бакиевшілер, сондай-ақ, Баткен облыстық әкімшілігін де басып алып отыр.

Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Исмаил Ысқақов жағдайды реттеу үшін елдің оңтүстігіне ұшып шықты. Ал Қырғызстанның Бас прокуратурасы тәртіпсіздік және Ош қаласындағы әкімшілікті басып алу фактілері бойынша «бұзақылық» және бұқаралық тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру» баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.