Қырғызстанның Жалалабад облысында тобыр Қ.Бакиевтің үйін өртеп жіберді
АСТАНА. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат - Қырғызстанның Жалалабад облысында тобыр Құрманбек Бакиевтің атадан қалған үйін және оның туыстарының үйін өртеп жіберді, деп хабарлады РБК агенттігіне уақытша үкіметтегі дереккөз. Дереккөздің ақпараты бойынша, барлығы үш үй өртелген: біреуі - елдің эс-президентінікі, екеуі - оның інілерінің үйі.
Алдын ала мәліметтер бойынша, құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ, өйткені үй өртенген кезде онда ешкім болмаған. Дереккөздің айтуынша, кешке Бакиевтердің туған ауылы Тейіт ауылына шамамен 100-150 адам келіп жетіп, Қ.Бакиевтің отбасының үйлерін өртеген. Бұрынғы мемлекет басшысының ауылдастарының үйлері зардап шекпеген.
Экс-президенттің және оның інілерінің үйлерін өртегендер Қ.Бакиевтің Қырғызстанға келуін қаламаған уақытша үкіметтің жақтастары болуы мүмкін.
Уақытша үкімет басшысы Роза Отынбаеваның пікірінше, Қ.Бакиевтің жақтастарының Қырғызстанда төңкеріс жасау әрекеті экс-президенттің елге келуін жеңілдетуі тиіс болған, ол шамамен мамырдың 17-сіне жоспарланған. Р.Отынбаева үкімет бұрынғы мемлекет басшысы жақтастарының өз ойларын жүзеге асыруға жол бермейтінін мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі Жалалабадтағы тәртіпсіздіктер кезінде 3 адам қаза тапты, сондай-ақ 63 адамның зардап шеккені хабарланды. Кеше Қ.Бакиевтің жақтастары елдегі 3 облыстық әкімшілік үйлерін басып алды, мамырдың 14-інде Қырғызстанның уақытша үкіметі Жалалабадқа жағдайды тұрақтандыру үшін ішкі әскерлер мен арнайы қызмет күштерін аттандырды.