Қысқа дайындық мәселесі, энергия үнемдеудің кешенді жоспары мен ТКШ жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды

АСТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін, 30 қыркүйекте Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов селекторлық кеңес өткізіп, онда алдағы қысқа дайындық мәселесі мен жылыту маусымының міндеттері талқыланды. Сондай-ақ энергия үнемдеудің кешенді жоспары мен ТКШ жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды.

Қысқа дайындық мәселесі, энергия үнемдеудің кешенді жоспары мен ТКШ жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды

Облыс әкімінің басапсөз қызметі хабарлағандай, аталған мәселелер бойынша облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Смағұлов баяндама жасады.

Бүгінгі күнге облыстың жылуэлектр станцияларында отыз қазандық пен он жеті турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қоса 10 қазандық пен 2 турбинадағы жөндеулер аяқталуға жақын.

Жалпы алғанда жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанымен «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Жезқазған ЖЭО-да №5 қазандық пен №7 турбинада артта қалушылық байқалады.

Облыс бойынша жалпы 65 локалды қазандық пен 180 ЖАЖ, жылу желісінің 146,5 км, су мен кәріз желісінің 156 км, электр желісінің 2 мың 580 км және 555 подстанция жөндеуден өткізілді.

Теміртау энергия торабын тұрақты түрде энергиямен қамтамасыз ету мақсатында 47 негізгі іс-шаралар атқарылды.

«Никольск - Жезқазған ЖЭО»110 кВ жоғары кернеулі желісін қалпына келтіру мәселесі де оң шешімін тапты. «Қазақмыс» корпорациясы жобаны әзірлеуге 40 млн.теңге және транзитті қалпына келтіруге 450 млн.теңге бөлді.

Қысқы маусымдағы жұмысқа дайындық актілері бойынша білім берудің 785, денсаулық сақтаудың 294, спорт саласының 33 және мәдениет саласының 284 нысаны толық әзірліктен өткізілді.

Приозерск қаласындағы, Ақтоғай ауданының Шашубай мен Сарышаған кенттеріндегі қазандықтар мен инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары толық көлемде аяқталды.

Облыстың Қарағанды мен Теміртаудан басқа барлық өңірлерінде көпқабатты тұрғын үйлерді дайындау жұмыстары аяқталды. Облыс бойынша есепті күнге көпқабатты 6448 тұрғын үй дайындықтан өткізілді. Қарағандыда 22 үй, Теміртауда 16 үй дайындық актілерін алған жоқ.

Қалалар мен аудандардың бюджеттік ұйымдарына 139 мың тонна көмір жеткізілді, бұл жоспарланған көлемнің 100% құрайды. Дей тұрғанмен кейбір өңірлерде белгіленген мерзімге, яғни 15 қыркүйекке дейін көмір жеткізілмегені де баса айтылды.

«Қарағанды Энергоорталығы» ЖШС мен «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы ҚР Премьер-Министрінің станцияларда 30 күндік көмір қорын құру туралы берген тапсырмасын орындамай отыр.

Тұрғын үй - коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы шеңберінде облыс әкімдігі Құрылыс істері жөніндегі агенттікпен бірлесе отырып, көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуді қаржыландыру жұмысын жүргізді. Ол екі механизм бойынша атқарылатын болады.

Бірінші механизм бойынша «Сарыарқа» ӘКК жарғылық капиталы 180 млн. теңге көлемінде ұлғайтылды. Осы қаражатқа Қарағанды, Теміртау, Саран және Сәтпаев қалаларында 8 үйде жөндеу жұмыстары басталды.

Екінші механизм бойынша 52 үй жөнделетін болады. Осы мақсатқа сәйкес «Горкомхоз» КМК жарғылық капиталын 515,6 млн. теңгеге ұлғайту көзделінеді. Жөндеу жұмыстары 32 үйде басталды.

Облыста бюджет саласы мекемелерінде, сондай-ақ өндіріс пен коммуналдық салада энергия үнемдеу шаралары жүзеге асырыла бастады.

Бюджеттік сала нысандарында энергия үнемдеуші шамдар, электр және жылу, суық су көлемін есептеуіш құралдарды, пластик шыны пакеттерін, автоматтандырылған жылу пункттерін орнату жұмыстары қолға алынды. Қалалар мен аудандарда көше шамдары энергияүнемдеуші шамдарға ауыстырыла бастады.

Осыдан кейін кеңес барысында бақылаушы органдардың, өңір әкімдерінің, облыстық басқармалар мен қызмет көрсетуші кәсіпорын басшыларының жылыту маусымына дайындық туралы есептері тыңдалды.

Барлық талқыланған мәселелер бойынша облыс әкімі тиісті тапсырмалар берді.