Қысқы Олимпиада ойындары - 2010-ға қатысу үшін қазақстандық спортшылар кемі 45-50 лицензия алуды жоспарлауда
деп хабарлайды ҚазАқпарат Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында айтылғанындай, «Олимпиада ойындарына спорттың көптеген түрлеріне іріктеу тек 2010 жылы аяқталатынына қарамастан қазақстандық спортшылар олимпиадалық бағдарламалардың 15 түрінің 10-ына қатысуды жоспарлап отыр, 45-50 олимпиадалық лицензияны жеңіп алу көзделген».
Қазіргі уақытта қазақстандық спортшылар «Спорттың 6 түрінен 32 олимпиадалық лицензияны жеңіп алды». «Бірақ бұл сан түпкілікті болып табылмайды, өйткені спорттың барлық қысқы түрлері бойынша жарыстар келесі жылғы қаңтардың 15-іне дейін жалғасатын болады», - деп айтылған баспасөз баянында.
Канададағы қысқы олимпиадада табысты өнер көрсетуді - қазақстандық спортшылар 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында өтетін Қысқы Азия ойындары қарсаңындағы елеулі асу ретінде де бағалайды.