Қытай Гуантанамоның жеті ұйғыр тұтқынын қабылдау туралы Швейцарияның шешіміне наразы
БЕЙЖІҢ. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қытай «лаңкестік әрекеттерге қатысы бар» деп күдік келтірілген Гуантанамоның жеті ұйғыр тұтқынын қабылдау туралы Швейцарияның шешіміне наразы,
деп мәлім етті бейсенбі күні Бейжіңде Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ма Чжаосюй.
Қытай дипломатының айтуынша, лаңкестік әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен Гуантанамо түрмесінде отырған шыққан тегі қытайлық азаматтарды қабылдау туралы Швейцарияның шешімі Қытай мен Швейцарияның арасындағы арақатынасқа әсерін тигізеді.
«Лаңкестікке қатысы бар деп күдік келтірілген жеті қытайлық -«Шығыс Түркістанның исламдық қозғалысының» мүшелері болып табылатын ұйғыр азаматтары. Бұл ұйым БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі жасаған лаңкестікті қолдаушы ұйымдардың тізіміне кіреді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1373-ші қарарына сәйкес барлық елдер, оның ішінде Швейцария да лаңкестікті қаржыландырған, лаңкестік шараларды жоспарлаған және жүзеге асырған тұлғаларға, сондай-ақ лаңкестерді жасырғандарға пана беруден бас тартуға міндетті», деп атап көрсетті Қытай сыртқы саясат ведомствосының өкілі.