«Қытай қазақ мұнайына аса зәру» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 27 қыркүйек, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қытай қазақ мұнайына аса зәру» - баспасөзге шолу
*** Елбасы Қызылорда облысына сапары кезінде күріш шаруашылығына қатысты нақты тапсырмалар берді. Мәселен, аймақта күріш өндіру барысында әлі күнге бұрынғы технологиялардың қолданылатынын айтты. Күріштің өзіндік құны неліктен қымбат екеніне де тоқталды. Осыған сәйкес шаруашылықта жаңа технологияларды пайдалану керектігін ескертті. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті «Берген - алады, еккен - орады» атты мақаласында жазып отыр. Басылымның атап өтуінше, жалпы, аймақта 19 ірі, 24 орта, 328 шағын шаруашылықтар егін егіп жатыр. Әрине, олардың барлығы өз жұмыстарында замана жетістіктерін қолданып жатыр десек, әбестік болар еді. Дегенмен, олардың арасында да соңғы технологиялардың игілігін көріп жатқандар жеткілікті. Солардың бірі - «Мағжан және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Автордың мәлметіне сүйенсек, биыл аталған серіктестік 4826 гектар алқапқа дән септі. Егін тәуір шықты. Өнімділігі де жаман емес. Осы күндері күріш орылып болып қалды. Шаруашылық гектарынан 65 центнерден өнім жинап жатыр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл бұған дейінгі науқандардан жоғары. Жыл сайын күріштің молынан орылып жатқанына қолымыздағы деректер куә. Айталық, 2008 жылы гектарынан 54 центнерден өнім алған екен. Одан бері жыл сайын нәтиже артып отырған. «Айтқандай, Елбасымен кездесуде мынандай бір жағдай болды. Бір кәсіпкер «осыдан жиырма жыл бұрын қалтада диплом ғана, ақша жоқ» дей берген. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы «қазір қалтаң толған ақша, дипломың қайда?» деп әңгімеге әзіл араластырды да әрі қарай «Мемлекет сендердің кәсіпкерлікпен айналысуларыңа барлық жағдайды жасады. Енді сендер халыққа қарасыңдар. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыра беру керек» деді. Айтайын дегеніміз, аталған шаруашылық - «Абзал және К» толық серіктестігінің бір құрылымы. Ал «Абзал және К» - өңірдің дамуына инвестиция салып отырған компания. Биылдың өзінде Нағи Ілиясов ауылының өркендеуіне 100 миллион теңге бөліпті. Бұл да елге болсын деген ниеттен туған тірлік болса керек», - деп жазады автор. Орал қаласында Капустин Яр және Азғыр полигондарының экологиялық жағдайы мен экологиялық залалын анықтайтын республикалық комиссияның көшпелі отырысы өткізілді. Оған Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі, аталмыш комиссияның төрағасы Бектас Мұхамеджанов төрағалық етті. Онда Капустин Яр және Азғыр әскери полигондарының әсері аймағындағы экологиялық жағдайлар жөніндегі мәселелер қаралды, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Тағы да Капустин Яр және Азғыр полигондары туралы» атты мақаласында. Автордың мәліметінше, аталған полигондарға жақын орналасқан облыстың Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала, Қазталов және Қаратөбе аудандарында 150 мыңнан астам халық тұрады. Сынақ алаңдарындағы жарылыстар мен әскери сынақтардың қоршаған ортаға және жергілікті халықтың денсаулығына кері әсер еткені анық. Мұны анықтау мақсатында полигондарға жақын орналасқан аудандарға 1994 жылдан 2005 жылға дейін 13 ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Соңғы рет 2005 жылы 6 аудандағы экологиялық жағдайды анықтау үшін ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Алайда мәселе түпкілікті шешімін тапқан жоқ. «Өйткені, аудандардың тұрғындары кешенді медициналық тексеруден өткізілмеді. Сондықтан 2008 жылы Елбасы өңірімізге келген сапарынан кейін Үкіметке осы аудандардың экологиялық жағдайын зерттеу жөнінде берген тапсырмасы бойынша құрылған комиссия осындай кешенді тексеріс өткізетін аудандарды, олардың радиусын анықтауы керек. Осы мақсатта республикалық комиссия аймақтардың тұрғындарымен, басшылығымен кездесіп, оның қорытындыларымен тиісті бюджеттік бағдарламаларға енгізу үшін қаржының мөлшерін анықтап, Үкіметтің алдына мәселе етіп қоюды көздейді», дейді мақала авторы. Комиссия отырысын қорытындылаған Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі, комиссия төрағасы Бектас Мұхамеджанов басқосуда айтылған ұсыныс-пікірлердің ескерілетінін, ұлттық ғылыми-зерттеу институттарымен полигондардың аймақтарға, адамдардың денсаулығына әсерін зерттеуге бағытталған үш бағдарлама дайындалып, тиісті зерттеу жұмыстары басталғанын және зерттеу жұмыстарының қорытындысына орай нақты шешім қабылданатынын жеткізді. *** «Аспанасты елі» қанша қазақ мұнайын астына басты? Ұлтжанды азаматтардың бәрін осы мәселе толғандырса керек. Сарапшылардың бағалауынша, шығыстағы алпауыт көршіміздің үлесі 40 пайызға жетіп қалыпты. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қытай қазақ мұнайына аса зәру» атты мақаласында жазып отыр. Басылымның сөздеріне сүйенсек, бірақ ел ресми деректі білгісі келеді. Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында сенатор Қожахмет Баймаханов Мұнай және газ министріне осы сұрақты төтесінен қойды: «Қытайдың Қазақстанның мұнай саласындағы үлесі бүгінгі күнде қанша болып тұр?» - Бүгінде Қытайдың біздің Қазақстандағы мұнай өндірісіндегі үлесі 24 пайызға жақындап келеді, - деді Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин. - Қытай көбінесе, Қызылорда, Ақтөбе облыстарындағы кен орындарында жұмыс жасауда. Енді есептеп қарағанда, ол кен орындарының мұнай өндіру қабілеттері төмендеп келеді. Соның ішінде Қызылорда облысын алсақ, ескі кен орындар, 30-40 жыл болған, оның барлығының өзінің мөлшері бар, сол мұнайы алынып болып жатыр. Жақында «Шың елі» «Қашаған» кен орнындағы 8 пайыздан астам үлесті сатып алғандығы мәлім. Соған қарамастан министрлік келешекте ҚХР-дың үлесі 7-8% төмендейді деп болжауда. Министр сенатордың бұл жерде қазақстандықтардың көкейін тескен мәселені сездіріп отырғандығын түсінгенін білдірді. Сосын өз ұстанымын жеткізді: «Шынын айтқанда, дүниежүзінде экономикасы екінші орында тұрған осындай алып ел қасымызда болғанда, оның мұнайды сатып алу қабілетін пайдаланған жөн. Бүгінгі таңда ҚХР-дің мұнай импортының мөлшері жылына шамамен 250 миллион тоннаға дейін жетуде. Бұл қазіргі Қазақстан өндіріп отырған барлық мұнай көлемінен 3-4 есе үлкен. Сондықтан осындай үлкен нарықтың қасымызда тұрғаны бір жағынан жақсы деп есептеймін! Мұны пайдаланбай қалсақ, оны дұрыс емес деп санаймын». Ал сенатор Икрам Адырбековті екі ел арасындағы Келісімдегі тағы бір мәселе мазалады: «Мына мәселені айтпасқа болмайды, - деді ол. - Соңғы кезде ірі бизнес құрылымдарын Қазақстанның мемлекеттік сатып алулар туралы заңы аясынан шығарып алу қалыпты құбылысқа, ешқандай сұрақ тудырмайтын шешімге айналып барады. Ол енді шетелдік кәсіпорындарға таралуда. Сонда сауал туындайды, Қазақстанның бұл заңы бизнеске қолайсыз ба? Әлде, бұл инвесторлардың қысымынан туындап отырған жағдай ма?» Бұл жерде Келісімде құбыр салушылар тауарлар, жұмыстар және қызметтің кейбір түрлерін өз беттерімен алатындығы бекітіліпті. - Жалпы, Қытай мемлекеті осы құбырға аса зәру, - деді сенатор. - Өйткені ҚХР үшін Қазақстаннан мұнай тасымалдау ең қауіпсіз, ең төте, әрі тиімді. Осы жағдайда құжаттың 9-бабына сәйкес, Қазақстан - Қытай мұнай құбыры иелерін Қазақстанның «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының шеңберінен тыс қою, шынын айтсақ, түсініксіз шешім. Себебі, ел экономикасының негізгі тірегі - шағын және орта бизнес. Ірі кәсіпорындар орта бизнестің дамуына қозғау болуы қажет. Ал біз болсақ, көптеген ірі компанияларды заң шеңберінен шығарып алып жатырмыз. Нәтижесінде, енді олар кімнен қандай тауар, жұмыс және қызмет сатып алатындығын өздері белгілеп, өздері іске асырады. Содан келіп, ірі инвесторлар тіпті ішетін суын да шетелден тасуда. Кіші және орта бизнестің даму орнына, кеміп бара жатқаны да осыдан. И.Адырбеков дерек келтірді: «мысалы, ірі мұнай-газ компаниялары шоғырланған Атырау облысында шағын және орта бизнестің өңірлік ішкі өнімдегі үлесі 2010 жылғы 8,1 пайыздан қазір 7 пайызға төмендеген. Ал Маңғыстау облысында кезіндегі 16 пайыздан 11 пайызға азайды». Қазақ тілінің халықаралық қызметтегі рөлі артып келе жатқандығын айтты Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов министрліктің Қазақстан халқы тілдерінің күні қарсаңында өткізген қазақ тіліне арналған кеште. Халықаралық құжаттар қазақ тілінде ме? Бұл мәселені «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Министрлікте мемлекеттік тілдің аясы кеңейеді» деген мақаласында көтеріп отыр. «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын айқындайтын бір сала - дипломатия. Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деген сөзін тілге тиек ете отырып, «мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту - барша қазақстандықтардың басты борышы» екендігін атап өткен. «Қазір қазақ тілінің халықаралық қызметтегі рөлі жыл сайын артып келеді» деді министр. Мемлекеттік тілдің халықаралық қызметтегі орнын кеңейту Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында міндет ретінде қойылған», дейді басылым. Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Асқар Мусиновтің айтуынша, министрлік жүйесінде барлық хат-хабарлар мемлекеттік тілде жасалады. Ноталар қазақ тілінде әзірленіп, қажет болған жағдайда басқа тілдерде даярланады. Қазақстанда тіркелген 50-ден астам дипломатиялық миссия мен халықаралық ұйым өкілдіктері ноталарын қазақ тілінде жолдайды. Алайда, қазақ тілінде әзірленетін ресми құжаттарға қатысты кемшіліктің әлі бар екендігін Президент Іс-қағаздар кеңсесінің басшысы, «Назарбаев орталығы» жетекшісі қызметін атқарушы Махмұт Қасымбеков ашық көрсетті. «Қазақ тілінде көп құжаттар даярланбайды. Қазір өздеріңіз білесіздер, сіздер алдымен орысша жазасыздар, бірақ оларды Президент әкімшілігі мен Үкімет қабылдамайтындықтан, қазақшаға аударасыздар. Көп министрліктер құжаттарды аудартатын көп адамдарды қойып қойған. Әңгіменің төркіні - осында жатыр» деді Қасымбеков. Ол осы күнге дейін қазақша жазылған бір-екі заң ғана бар екендігін, ал жылына жүзден аса заң орыс тілінде даярланатындығын айтып, мұны «үлкен кемшілік» деп көрсетті. Сонымен бірге Кеңсе жетекшісі «кейбір сәттерде құжаттардың қазақшасы қалай болса, солай қатемен жазылып, өзімізді алдап жүргендей көрінетіндігімізді» де жасырған жоқ.