Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жаңа сапалы кезеңге аяқ басты - Чжан Вэй, ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жаңа сапалы кезеңге аяқ басты. Ал ол бүкіл әлемдік қауымдастық алдында екі ел арасындағы тату көршіліктің, өзара сыйластықтың жарқын үлгісіне айналады. Бүгін Алматыда «Қытай-Қазақстан» достық және ынтымақтастық керуенін салтанатты жағдайда қарсы алу рәсімі барысында Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Чжан Вэй мырза осылай деді.
«Қытай мен қазақ халқы достығының тамыры тереңде жатыр. Жаңа тарихи кезеңде екі мемлекет өз мүдделеріне толықтай жауап бере алатын жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытып жатыр. Бұл бүкіл Орталық Азия аймағында бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауына септігін тигізеді», - деді Чжан Вэй.
Сонымен қатар ол керуеннің соңғы аялдамасы - Тараз қаласы екендігін жеткізді.
«Қазақстан - Ұлы Жібек жолы бойындағы алғашқы және маңызды аялдама. Биыл Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде атап өтілетіні белгілі. Сондықтан, керуен 8 мыңнан астам шақырымды құрайтын ұзақ та ауыр жолды жолды басып өтіп, өзінің соңғы нүктесі - Тараз қаласына келіп, қытай халқының қазақ халқына деген достық сезімі мен құттықтауын жеткізеді. Шыдамдылықтың, батылдықтың, табандылықтың және мақсаткерліктің үлгісін танытқан бұл керуен - Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуі тұжырымдамасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асуына жаңа серпін береді деп сенемін. Сондай-ақ, бұл ҚХР-дың құрылғанына 66 жыл толуына және Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай жасалған тамаша сыйлық! 2000 жылдан астам тарихы бар Ұлы Жібек жолы бүгін жаңа рухани күшке ие болды», - деді Чжан Вэй.
Айта кетелік, «Қытай-Қазақстан» достық және ынтымақтастық керуені қазір Абай даңғылының бойымен батысқа қарай жүріп барады. Қаладан шыққан соң керуен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған ауылы - Алматы облысының Қарасай ауданында орналасқан Үшқоңыр (бұрынғы Шамалған) елді мекеніне барып аялдайды. Одан әрі көне Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі орталықтардың бірі болған - Тараз қаласына қарай аттанады. Жоспар бойынша 7-ші қазанға дейін келіп жетуі тиіс. Өйткені, 8-ші қазаннан бастап, Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған кең көлемді мерекелік шаралар басталады. Керуен әдеттегідей күніне 25 шақырымнан жүріп отырады.