Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы стратегиялық ынтымақтастық жарқын көрінісі болып табылады – ҚХР-дің Қазақстандағы елшісі Чжоу Ли

ЖІҢ-АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтаоның шақыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 21-23 ақпанда Қытайға мемлекеттік сапар жасайды.

Қытай мен Қазақстанның  қарым-қатынасы стратегиялық ынтымақтастық жарқын көрінісі болып табылады – ҚХР-дің Қазақстандағы елшісі Чжоу Ли

Біздің агенттіктің өтініші бойынша ҚХР-дің Қазақстандағы елшісі Чжоу Ли алдағы сапарға қатысты сұхбат берді.

- Құрметті Елші мырза, Қазақстан Президентінің Қытай Халық Республикасына сапарының бағдарламасымен таныстыра кетсеңіз.

- Аталмыш сапар барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Төраға Ху Цзиньтао келіссөздер жүргізеді деп күтілуде, сондай-ақ Қазақстан басшысының Халық өкілдері Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы У Бангомен, Мемлекеттік кеңестің премьері Вэнь Цзябаомен, Қытайдың өзге де басшыларымен кездесулері жоспарланған. Келіссөздер мен кездесулерде екі ел басшылары қытайлық-қазақстандық ынтымақтастықтың келешектегі бағыттарын бірге айқындап, іс жүзіндегі ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылайды, сонымен қатар халықаралық және өңірлік күн тәртібінің екі тарапты да қызықтыратын мәселелері бойынша пікір алмасады. Бейжіңнен бөлек, Президент Назарбаев Тяньцзинь қаласында да болады. Сапар аясында тараптар Бірлескен ақпараттық коммюникені жариялап, 10 үкіметаралық келісім мен ынтымақтастық құжаттарына қол қояды деп күтілуде.

- Қытай тарапының бағалауынша, Президент Н.Назарбаевтың ҚХР-ға осы жолғы сапарының маңыздылығы қандай?

- Бұл Президент Н.Назарбаевтың Қытайға жасағалы отырған 17-ші сапары және оның ағымдағы жылғы алғашқы шетелдік сапары болмақшы. Аталмыш сапар 2011 жылдың айтулы оқиғасы және Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытудың маңызды қадамы болмақ. Қазіргі таңда қытайлық-қазақстандық қатынастар өзінің даму тарихының ең бір кемелді кезеңін басынан өткеріп жатыр. Тараптар саяси өзара сенімділікті үздіксіз нығайтып, түрлі салалардағы іс жүзіндегі ынтымақтастықты тереңдетуде және халықаралық аренадағы стратегиялық өзара іс-қимылды күшейтуде. Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар көрші мемлекеттер арасындағы тату байланыстар дамуының жарқын көрінісі болып отырғанын айрықша атап өткім келеді. Бүгінгі жаңа жағдайларда қытайлық-қазақстандық қарым-қатынастарды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер мен ұланғайыр кеңістіктер ашылуда. Қытай мен Қазақстанның өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуі және тереңдетуі екі тараптың да мүддесіне сәйкес келіп отыр. Қазақстан Президентінің осы сапары барысында қол жеткізілетін нәтижелер екі жақты ынтымақтастықтың одан әрі дамуына қуатты серпін беретіндігіне әрі Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашатындығына кәміл сенемін.

- Қытай мен Қазақстан арасындағы екі жақты қарым-қатынастың қазіргі жағдайы жайлы айтып берсеңіз.

- Соңғы жылдардағы жоғары деңгейдегі тұрақты тығыз байланыстар саяси өзара сенімділікті нығайтуға ықпал етуде. Екі елдің көшбасшылары тек қана қызметтік байланыстарын дамытып қойған жоқ, сонымен қатар жақсы достар. Бір мысал: 2009 жылдың желтоқсанынан 2010 жылдың маусымына дейін, небәрі жарты жылда ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстанға екі рет сапармен барды. Ал Президент Н.Назарбаев туралы айтар болсақ, ол Қытайда сапарлармен, халықаралық конференциялардың қатысушы ретінде 16 мәрте болып қайтты. Сонымен қатар, Мемлекеттік кеңестің премьері Вэнь Цзябао,Қытай Халықтық саяси алқалық кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Төрағасы (ҚХСАК БК) Цзя Цинлинь және Қытайдың өзге де басшылары да Қазақстанда болып қайтты. Тиісінше, Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғалары - ҚР Премьер-Министрі, ҚР Парламенті палаталарының төрағалары, ҚР Мемлекеттік хатшысы бірнеше мәрте Қытайға сапарлап келді. Тараптар тұрақты түрде екі жақты байланыстар, халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасып тұрады, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша біртұтас немесе ұқсас ұстанымдарды ұстанады. Жоғары басшылықтың сапарлары Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыстарды айтарлықтай ілгерілетті.

Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасының өміршеңдігінің себебі, байланыстардың дамуы екі ел халықтарының мүдделеріне жауап береді, екі елдегі тұрақтылықты сақтау және даму талаптарына толықтай сәйкес жүргізілуде. Екі мемлекет басшыларының тікелей қамқорлықтарының және айрықша көңіл бөлулерінің, сондай-ақ екі тараптың да бірлескен күш-жігерлерінің арқасында соңғы жылдары Қытай мен Қазақстанның ынтымақтастығы әртүрлі салаларда жемісті нәтижелерге қол жеткізді және екі елге де нақты пайдасын тигізіп отыр.

- Қазіргі таңда Қытай мен Қазақстанның экономикалық саладағы ынтымақтастығы қандай деңгейде? Бұл сала әлемдік қаржы дағдарысынан шыға алды ма?

- Екі жақты экономикалық ынтымақтастық қытайлық-қазақстандық стратегиялық әріптестіктің маңызды материалдық іргетасы болып табылады, бұл ынтымақтастық өзара бірін-бірі толықтыруымен және қарқынды дамуымен сипатталады. Қазіргі күні Қазақстан ТМД елдері арасындағы Қытайдың екінші сауда әріптесі болып табылады. Екі жақты сауда-саттықтың көлемі Қытайдың Орталық Азия елдерімен жалпы сауда-саттығының жалпы көлемінің 70 пайызынан асып кетті. Ал Қытай өткен жылдан бастап Қазақстанның саудадағы бірінші әріптесі атанды. Әлемдік дағдарыс жағдайында екі елдің үкіметтері мен өкілетті ведомстволары дағдарыстың екі жақты экономикалық ынтымақтастыққа тигізер жағымсыз әсерін барынша азайту үшін бірқатар шараларды қолға алды. Бұл мақсатта Қытай Қазақстанға 13 млрд. доллар көлемінде несие берді. Қытай тарапының статистикасы бойынша екі елдің тауар айналымы 2010 жылы 20,31 млрд. долларға жетті, сөйтіп 45,3 пайызға ұлғайып, дағдарысқа дейінгі деңгейден асып түсті. Сонымен бір мезгілде Қытай мен Қазақстан экономикалық ынтымақтастықтың жаңа салаларын белсенді түрде іздестіріп жатыр. Бүгінде бірқатар бірлескен жобаларды іске асыруда. Мәселен, ондай жобалардан Павлодардағы аллюминий зауытын, Мойнақ Су электр стансысын, Ақтаудағы битум зауытын атап өтуге болады. Сонымен қатар таяу болашақта "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығыхалықаралық орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ Шыңжан-Ұйғыр автономиялық өлкесі мен Қазақстанның шекара маңындағы облыстары арасындағы экономикалық байланыстар мен кооперациялар үздіксіз кеңейіп келеді.

- Қазіргі таңда Қазақстанда көлік инфрақұрылымы саласында бірқатар ірі обалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің, жылдамдығы жоғары темір жолдың құрылыстары бар. Қалай ойлайсыз, Президент Н. Назарбаевтың Қытайға сапары барысында тараптар осы салада қандай да бір келісімге қол жеткізе алады ма?

- Қытай Қазақстанның өзінің бірегей географиялық артықшылықтарын пайдалану арқылы транзиттік әлеуетті дамытуға бағытталған белсенді іс-әрекетін қолдайды. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі жобасын және жылдамдығы жоғары темржол құрылысы жобасын жүзеге асыру қазақстандық экономиканың жалпы деңгейін айтарлықтай көтеретіндігіне және халықаралық бәсекелестіктегі позициясын нығайта түсетіндігіне сенімдімін. Соңғы жылдары Қытайда инфрақұрылымдық құрылыстар қатты қарқынмен дамып жатыр. 2010 жылдың аяғындағы жағдай бойынша автожол желісінің жалпы ұзындығы 3 млн. 984 мың шақырымды құрап отыр, оның ішіндегі 74 мың шақырымы жоғары жылдамдықта жүруге болатын жолдар.

Атап өтерлігі, қазіргі күні Қытайда 7531 шақырым жоғары жылдамдықты темір жол пайдалануға берілді және осы көрсеткіш бойынша ҚХР әлемде бірінші орынға шықты. Қытайда жоғары жылдамдықты теміржолдардың құрылысын салу, пойыздарды жасау және іске қосу саласында бай тәжірибе бар және біздер озық технологияларға иеміз, қытайлық жабдықтар мықты сапасымен ерекшеленеді және халықаралық нарықта аса танымал. Осыған орай, біз қазақстандық әріптестерімізбен инфрақұрылымдық құрылыс саласындағы тәжірибемізбен бөлісуге және Қазақстанның автожол және теміржол желілерін модернизациялауға белсене қатысуға дайынбыз. Қытаймен ықпалдастық сіздердің көңілдеріңізді қалдырмайтынына кәміл сенемін.

- Қытай мен Қазақстанның энергетикалық ынтымақтастығының жағдайы және болашағы жайлы не айта аласыз?

- Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің және өзара тиімді ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі ретінде энергетика саласындағы ынтымақтастығын атауға болады. Біздің елдердің басшылары мен үкіметтері арасында осы саладағы ынтымақтастықты нығайту мен оның маңыздылығы туралы ортақ түсінік баяғыда-ақ қалыптасып қойған. Оның үстіне, екі ел басшыларының қолдауының арқасында біз зор табыстарға жетіп отырмыз. 1998 жылы, Қытайдың мұнай компаниясы Ақтөбе мұнай компаниясын басқара бастаған кезде, мұнайдың жылдық өндірісі небәрі 2 миллион тоннаны құрады. 10 жыл өте келе, қытайлық технологияның, инвестициялар мен басқару жүйесінің арқасында жылдық өнім 2,5 есеге артты. 2009 жылы қытайлық-қазақстандық мұнай құбыры желісінің екінші кезегінің және «Орталық Азия» газ құбырының құрылысы аяқталды. Бұл - ҚХР мен ҚР-ның энергетикалық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді деген сөз. Қазақстандағы қытайлық кәсіпорындар табыс таба отырып, өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытпайды. Олар жергілікті әлеуметтік даму бағдарламаларына атсалысып, қазақстандық жұмысшыларды даярлайды, теміржол, жылыжай құрылысына араласып, жұмыспен қамту мәселесін шешуге және жергілікті салық кірістерін арттыруға оң үлестерін қосып келеді.

- Ал екі елдің шикізаттық емес саладағы ынтымақтастығы қалай дамуда?

- Қытай Қазақстанмен шикізаттық емес саладағы ынтымақтастыққа зор маңыз береді. 2007 жылы екі елдің үкіметтері шикізаттық емес сектордағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған еді, ал министрлік басшылары оны орындау жоспары туралы нақты хаттамаға қол қойды. Шикізаттық емес саланың ауқымы өте кең: байланыс, ақпарат, тоқыма, құрылыс материалдары, электротехника, көлік, химия, мұнай-газ өндірісі, металлургия, техника, ауыл шаруашылығы, туризм, қаржы және т. б. Ынтымақтастықтың барлық жоспарлары табысты жүзеге асырылуда. Оның ішінде Павлодардағы Қазақстанның электролиз зауыты іске қосылды, Мойнақ Су электр стансысының құрылысы салынуда. Бір сөзбен айтқанда, Қытай мен Қазақстан мықты әріптестер.

- Екі елдің ынтымақтастығы тек экономикамен ғана шектелмейтіні белгілі. Гуманитарлық салада да тұрақты байланыстар дамып келеді. Осы жайлы ойыңызды білсек.

- Дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған кезден бастап Қытай мен Қазақстан арасындағы гуманитарлық ынтымақтастық белсенді дамып келе жатыр. Екі елдің үкіметтері білім, мәдениет және өзге де салалардағы ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойды. Жиі кездесулер механизмі тиімді жұмыс жасап жатыр, өңірлер мен екі елдің халқықтары арасындағы достастық байланыстар қарқынды дамып келеді. Білім саласында екі елдің ведомстволары көпқырлы ақпараттық және дербес тәжірибе алмасуларды жүзеге асыруда, оның ішінде тілдік сала да бар. Бүгінде Қытайда бірнеше мыңдаған қазақстандық студенттер білім алуда, қытайлық тарап Қазақстаннан келетін стипендиат-студенттерге арналған квота санын 200 адамға дейін арттырды, ал Қазақстанда мыңнан астам қытайлық студент білім алуда.

Бүгінде Қазақстанда Конфуцийдің екі институты ашылды. Оның бірі Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де, екіншісі Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде. Конфуций институттары қазақстандық студенттерге біздің еліміздің тілі мен мәдениет үйренуге зор мүмкіндік береді. Қазақстанда жыл сайын «Қытай тілінің көпірі» байқауы өткізіліп тұрады. Оның жеңімпаздары Қытайда өткізілетін финалға жолдама алып, ҚХР-да оқуға стипендия алады. Мәдениет саласында да жақсы байланыстар жолға қойылған. Тараптар көркемөнерпаздар ансамбльдерінің сапарларымен алмасып тұрады. Өткен жылы қазақстандық тарап Шанхайдағы «ЭКСПО-2010» көрмесінде өз тауарларын қойды, ондағы Қазақстан павильоны тек қытайлықтар арасында ғана емес, шетелдік туристер арасында да зор қызығушылық тудырды. Ақпан айының соңында Қазақстанда «Көңілді көктем мерекесі» іс-шаралары өткізіліп, онда танымал қытайлық әртістер өнер көрсететін болады. Олар қазақстандық көрермендердің көңілінен шығады деп үміттенеміз.

Ал спорт саласы туралы айтатын болсақ, тараптар ауқымды спорттық шараларды ұйымдастыруда бір-біріне үлкен қолдау көрсетіп отырады. Қазақстандық спортшылар Бейжің Олимпиадасына да, Гуанчжоудағы Азия ойындарына да белсене қатысты. Қытай сонымен қатар Қазақстанда өткізілген 7-қысқы Азия ойындарына қатысу үшін өзінің мықты командасын жіберді. Жағдайды пайдалана отырып, Қазақстан халқын Азиада ойындарында алтын медальдардың саны бойынша бірінші орын алған Қазақстан құрамасының табысымен шын жүрегімнен құттықтағым келеді. Бұл Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ең жақсы сыйлықтардың бірі болғандығына кәміл сенемін.

- ШЫҰ-ның құрылғанына он жыл болды. Сіз Ұйымның осы жылдар ішіндегі дамуына қалай бағалайсыз, келешегі қандай деп ойлайсыз?

- Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрудағы бастапқы мақсат Қытай мен бұрынғы КСРО-ның кейбір мемлекеттерінің арасындағы бірлескен шекараның проблемасын шешу, сондай-ақ шекаралас аймақтардағы өзара сенім мәселелерін шешу болды.

2001 жылы Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан ынтымақтастықты одан әрі дамытып, қауіп-қатерлерге бірлесіп әрекет ету әрі өздерінің мүдделерін тиімді қорғау үшін, сондай-ақ бірлесіп өсіп-өркендеу үшін ШЫҰ-ны құрды.

Өткен он жылдың ішінде Ұйым айтарлықтай дамыды. Біріншіден, қысқа мерзім ішінде құқықтық базаның институционалдық қалыптасуы мен құрылуы аяталды. Екіншіден, мүше-мемлекеттер арасында ынтымақтастық дамыды. Үшіншіден, ШЫҰ халықаралық аренада бейбітшіліктің, ынтымақтастықтың және ашықтықтың жағымды бейнесін қалыптастыра алды. Қазіргі таңда ШЫҰ тек қана оған мүше мемлекеттердің тарапынан ғана емес, сонымени қатар халықаралық қоғамдастық тарапынан да зор қызығушлыққа ие болып отыр.

Еуразиялық өңірде әртүрлі халықаралық механизмдер мен институттар бар, алайда олардың ішінде ШЫҰ-ның орны бөлек.

Біріншіден, ол Шанхай рухын паш етеді. Өзара сенім, өзара пайда, тең құқылық, ортақ дамуға ұмтылу осы рухтың негізгі мазмұны болып табылады. Өзара сенімді тереңдетуде, өңірдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті орнатуда, сонымен қатар халықаралық қатынастардағы барынша тиімді бағыттарға ұмтылуда бұның маңызы өте зор.

Екіншіден, ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің территориялары еуразиялық құрлықтың 60 пайызын алып жатыр, халқының саны дүниежүзі халқының төрттен бір бөлігін құрайды. Сонымен қатар Ресей мен Қытай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі болып табылады және халықаралық істерде маңызды рөл атқарады. Бұл біздің Ұйымға өңірдегі жағдайға ықпал етуге қосымша мүмкіндіктер береді.

Үшіншіден, ШЫҰ өзінің барлық күш-жігерін экономика мен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағыттап отыр. Бұл мүше мемлекеттердің және бүкіл өңірдің сұраныстарын қанағаттандырады. Осының барлығы келешекте бірлесіп даму үшін ШЫҰ қуаты күшке ие екендігін көрсетеді. ШЫҰ рөлі халықаралық істерде де, өңірлік істерде де артып отыр.

Қазіргі уақытта Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық етуде және биыл Астанада ШЫҰ-ның мерейтойлық саммиті өтетін болады. Аталмыш саммитті табысты өткізу үшін, сөйтіп ортақ күшпен Ұйымның дамуына жәрдемдесу үшін Қытай тарапы Қазақстанға төрағалық етуші ел ретінде жан-жақты көмек пен қолдау көрсететін болады.