Қытай өзінің даму моделі негізінде әлемге жаңа мүмкіндік ұсынуға дайын - Си Цзиньпин

None
ШАНХАЙ. ҚазАқпарат – Қытай өзінің жаңғыру моделіндегі жетістіктері негізінде әлемге жаңа мүмкіндік ұсынуға әзір. Бұл туралы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Шанхайда өтіп жатқан «Қытайдың жаңғыруы және бейбітшілік» тақырыбындағы «Ланьтин» форумына қатысушыларға жолдаған жазбаша үндеуінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қытай өзінің жаңғыру жетістіктері негізінде әлемнің дамуына жаңа мүмкіндіктер ұсынуға, басқа елдермен ынтымақтастықты арттыруға дайын», - делінген Қытай басшысының үндеуінде.

Ал аталған форумның ашылу салтанатына қатысқан ҚХР Сыртқы істер министрі Цинь Ган Қытайдың жаңа даму моделі әлемдік экономикаға тың серпін беретінін атап өтті.

Оның айтуынша, Қытай бүгінде 140-тан астам елдер мен аймақтардың ірі сауда серіктесі. Күн сайын әлем елдеріне 320 млн доллар тікелей қытайлық инвестиция бағытталады және ай сайын 3 мыңнан астам шетелдік инвесторлар қаржыландыратын кәсіпорындарды ашып жатыр.

«Қытайдың 1,4 млрд-тан астам халқы жаңа жаңғыру жолына түсті. Бұл әлемдік экономикаға үлкен серпін беретіні сөзсіз», - деп атап өтті ол.

ҚХР СІМ басшысы әлем халықтарының жалпы өркендеуі үшін барлық елдердің тең құқылы дамуы қажет екенін айтты.

Оның мәлімдеуінше, «Бір белдеу - бір жол» және Жаһандық даму бастамасы – Қытай тарапының халықаралық қауымдастық үшін бірдей даму мен өркендеуге ашқан жолы. Цинь Ган «Бір белдеу - бір жол» аясында 10 ішінде 3 мыңнан астам жобаның қолға алынғанын мәлім етті.

Руслан Сүлейменов


Соңғы жаңалықтар
telegram