Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қытай шекарасындағы автокөліктер кептелісінің себебі анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас» өткізу бекетінде автокөліктердің жинақталуының басты себебін айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қытай шекарасындағы автокөліктер кептелісінің себебі анықталды

«Автокөліктердің жиналып қалуына 13 қарашадан бастап «Қорғас» (ҚХР) өткізу бекетіндегі инспекциялық-тексеру кешенінің істен шығуы себеп болды. Осыған орай ҚХР кеден органдары әрбір автомашинаны тұтас тексеруден өткізіп жатыр», - деді Мемлекеттік кірістер комитетіндегілер.

Тараптардың автокөліктерді әркелкі қабылдауынан бейтарап аумақта 80-нен 130-ға дейін автокөлік жиналып қалады. Осыған байланысты ҚР ҰҚК ШҚ қызметкерлері кептелісті жою үшін көлік қабылдауды уақытша тоқтатты.

Соңғы аптада «ҚХР-ға экспорт» бағытында күніне орташа 93 автокөлік өткен. «Қазіргі кезде «Қорғас» өткізу бекетінің аумағында «ҚР-ға импорт» бағытында жүк автокөліктерінің кептелісі жоқ, жүктерді өткізу штаттық режимді жүргізілуде. ҚХР-дан ҚР-ға күніне орта есеппен 70-80 автокөлік құралы өтіп жатыр», - деді Комитет баспасөз қызметіндегілер. Бірақ «ҚХР-ға экспорт» бағытында кептеліс байқалуда.

Еске сала кетейік, бұрын бірқатар қазақстандық БАҚ «Қорғас» өткізу бекетінің алдында соңғы күндері 200-ге тарта қазақстандық жүк көліктерінен құралған кептеліс пайда болғаны туралы ақпарат тараған болатын.