Қытай ядролық отынды байыту жөніндегі Бразилия, Түркия және Иранның келісімін қолдайды - ҚХР СІМ

БЕЙЖІҢ. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қытай Тегранның төмен байытылған уранын жоғары байытылған отынға байыту жөніндегі Бразилия, Түркия және Иранның келісімін қолдайды. Бұл туралы сейсенбі күні Бейжіңде Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ма Чжаосюй мәлім етті.

Қытай  ядролық   отынды  байыту  жөніндегі    Бразилия,  Түркия және  Иранның келісімін қолдайды  -  ҚХР СІМ

«Біз бұл келісімді қолдаймыз және оны маңызды деп санаймыз. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Таяу Шығыста ядролық қару-жарақты таратпаудың халықаралық режимін, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға өз үлесін қосады, сондай-ақ Иранның ядролық мәселесі бейбіт жолмен шешіледі деген үміттеміз», - деп атап көрсетті қытай дипломаты өз сөзінде.

Естеріңізге сала кетейік, дүйсенбі күні Бразилия, Түркия және Иран елдерінің Сыртқы істер министрліктерінің басшылары Тегранның қолындағы төмен байытылған отынды Тегран ғылыми-зерттеу реакторының жұмысына қажетті жоғары байытылған отынға алмастыру жобасы бойынша келісімге қол қойды.