Қытай зілзала құрбандарын аза тұтуда

БЕЙЖІҢ. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Сәрсенбі, сәуірдің 21-інде Қытайда Цинхай провинциясындағы зілзала құрбандарын жалпыұлттық аза тұзу күні өтті. 7,1 балдық жер сілкінісі сәуірдің 14-і күні жергілікті уақыт 07.49-да болған еді.

Қытай  зілзала   құрбандарын  аза тұтуда

Зілзала кіндігі 100 мың адам халқы бар Цзегу уездік қаласынан 30 шақырымдай жерде болған. Бұл елді-мекендегі нысандардың көбісі жермен-жексен болды. Соңғы мәліметтер бойынша, табиғат апатының салдарынан 2 064 адам қаза болған, 175 адам әлі іс-түзсіз жоғалғандар санатында, тағы 12 мыңнан астам адам түрлі жарақат алған.

Кеше Қытай елордасындағы Тяньаньмэнь бас алаңында, бүкіл ел өңірлерінде және Қытайдың шетелдердегі дипломатиялық миссияларында мемлекеттік жалаулар түсірілді. Қытай Төрағасы Ху Цзиньтао мен Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшелері зілзала құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

180-нен астам мемлекет, халықаралық және аймақтық ұйымдар Қытай үкіметі мен халқына көңіл айтып, жеделхаттар жолдады, деп хабарлады сәрсенбі күні Бейжіңде Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Цзян Юй ханым.