Қытайда ежелгі көшпенділер қолданған арбаның көшірмесі жасалды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Батыс Қытай аумағында өмір сүрген ежелгі көшпенді халық жундер қолданған арбаның көшірмесі жасалды деп хабарлайды ҚазАқпарат қытайлық Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Қытайдың Ганьсу провинциясының Чжанцзячуань дуңген автономиялық ауданындағы Мацзяюань қонысынан табылған арбалардың реконструкцияланған көшірмесі 14 қыркүйек күні Ланьчжоу қаласындағы Халықаралық көрме орталығында алғаш рет жұртшылық назарына ұсынылды.

Көрмеге ежелгі арбалардың 4 реконструкциясы қойылды. Көшірмелердің ұзындығы 3.56 метр, биіктігі 1.78 метр. Арбаның қаңқасы мен металл әшекейлері ежелгі қола технологиясы қолданыла отырып, 30-дан астам процесс арқылы дайындалған. Арбаға жоғары сапалы металдандырылған бояумен салынған көздің жауын алатын сәнді өрнектер ежелгі көшпенділердің сән-салтанаты айнытпай бейнелейді.
Көшірмелерді дайындауға 100-ден астам маман жұмылдырылып, олар 5 ай бойы тынымсыз жұмыс жүргізген.

Мацзяюаньдағы ежелгі қорымдарға қазба жұмыстары 2006-2020 жылдар аралығында үздіксіз жүргізіліп, жалпы 69 арба қаңқасы және сүйекпен қоса жерленген 3600-ден астам ақыреттік бұйым қазып алынды. Қазба жұмыстарының қорытындысы 2021 жылы Қытай археологиясының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған жалпыұлттық байқауда 100 маңызды археологиялық жаңалықтың тізіміне енді.
Қытайлық археологтардың айтуынша, аталған қоныстан шыққан ескерткіштер аймақты далалық, қытайлық және батыс азиялық өркениеттердің тоғысқан жері ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Арбаларды безендіруге пайдаланылған әшекей бұйымдардың 90 пайыздан астамы алтын, күміс, мыс, темір, қалайы және басқа металдан дайындалған, бұл ежелгі далалықтардың металлургиялық дәстүрі мен ұсталық өнерінің биік деңгейін танытады, дейді ғалымдар.
Ежелгі жылнамаларда біздің заманымызға дейінгі екінші және бірінші мыңжылдықта қазіргі Солтүстік және Батыс Қытай жерін мекен еткен көшпенді тайпалар жалпылай жун деп аталған. Олар кейінгі ғұн, түрік, тибет секілді көптеген халықтардың құрамына енген болуы мүмкін.
Аймақтан табылған археологиялық олжалар ежелгі көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі мен қолөнерін зерттеуде, әсіресе көлікке жегілген дөңгелекті арбалардың пайда болуы мен таралу бағыттарын анықтауда өзгеше маңызға ие.