Қытайда жер сілкінісі 1706 адамның өмірін қиды

БЕЙЖІҢ. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қытайдың Цинхай провинциясының Юйшу уезінде орын алған жер сілкінісінің салдарынан қаза болғандардың саны 1706 адамға жетті. Тағы 256 адам із-түзсіз жоғалғандар санатында, ал 12 128 адам түрлі жарақат алған, олардың 1424-інің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр, деп хабарлады апат салдарын жою жөніндегі штабтан.

Қытайда  жер сілкінісі 1706 адамның өмірін   қиды

Қытай Төрағасы Ху Цзиньтао жексенбі күні апат аумағында болды. Елдегі зілзалаға байланысты Латын Америкасына сапарын қысқартқан ел басшысы сенбі күні шетелдік сапардан елге оралған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, сәуірдің 14-інде Цинхай провинциясының Юйшу-Тибет автономиялық өлкесінде күші 7,1 балдық жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуінің кіндігі Юйшу уезінде 33 шақырымдай тереңдікте орын алған зілзала Сычуань және Тибет автономиялық ауданының бірқатар провинцияларында сезілген. Апат аймағындағы құтқару шаралары бесінші тәулік бойы жалғасуда.

Осы оқиғадан кейін, Бейжіңде де жер сілкінуі мүмкін деген әңгімелер пайда болды. Бірақ Бейжің сейсмологиялық басқармасы бұл төңіректе жер сілкінісінің болу ықтималдығын теріске шығарды және қала тұрғындарын өсек әңгімелерге құлақ аспауға шақырды.