Қытайда жер сілкінісін алдын ала ескертетін әлемдегі ең ірі жүйе құрылды
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытайда жер сілкінісін ертерек хабарлай алатын әлемдегі ең ірі жүйені құру жұмысы аяқталды, деп хабарлады «The Global Times».
«Қазіргі күні провинциялардағы 25 сейсмикалық қауіпті аймаққа 5010 станса орнатылды. Ол 650 млн. адам тұрып жатқан 2 млн. шаршы шақырым қашықтықтағы сейсмикалық белсенділікті бақылай алады», - деді Қытайдағы жетекші сейсмологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ван Тунь.
«Жер сілкінісі басталардан 10 секунд бұрын, зілзала эпицентрінен 50 шақырым қашықтықта тұратын адамдарға хабар жіберіледі», - деді Ван Тунь. Бірақ, оның айтуынша аталған қызмет түрін сейсмикалық қауіпті аймақтағы 650 млн. тұрғынның ішінен тек, 1 млн.-дайы ғана пайдаланады. Айта кетейік, ғылыми зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, зілзала туралы алдын ала 3 секунд бұрын жасалған ескерту бақытсыз жағдайды 14 пайызға, 10 секунд бұрын жасалған ескерту 39 пайызға, 20 секундтық алдын ала құлақтандыру апаттағы адам шығынын 63 пайызға азайтады.