19:52, 20 Ақпан 2016 | GMT +5
Қытайда Зика вирусын жұқтырған үшінші адам тіркелді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Қытайда Зика вирусын жұқтырған үшінші адам тіркелді. Бұл туралы елдің Ұлттық денсаулық сақтау және отбасын жоспарлау комиссиясы мәлімдеді, деп жазады 24.kz.

Чжэцзян провинциясының 38 жастағы тұрғыны Фиджи және Само аралдарынан оралған. Оның сөзінше, туристік сапар кезінде бірнеше рет маса шағып алыпты. Еліне ораларда қызуы күрт көтерілген. Қазір осыған байланысты Қытай халықаралық әуежайда санитарлық бақылауды күшейтіп, арнайы құрылғы орнатты.
Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы халықаралық әуежай шұғыл әрекеттерге көшті. Сөйтіп, елге оралған жолаушылардың Зика безгегін жұқтырғанын анықтайтын құрылғы орнатты. Ұшып келген адамдардың қызуын бақылау бекетінде арнайы аппарат өлшеп тұрады.
Осындай шаралардың арқасында Қытайда екінші рет Зика вирусын жұқтырған азамат дер кезінде анықталған. Қауіпті дерт алғашында Венесуэлаға барып қайтқан ер адамнан табылған еді. Қазір оның беті бері қарап, жазылып келеді.