Қытайдағы қазақ палуаны Солтыкен Көкішұлын білеміз бе?

«Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады», «Күш атасын танымайды» дейтін аталы сөз тудырған халықтың алып күш иелеріне деген құрметі мен ықыласы зор. Балуан Шолақ пен Қажымұқандай арыстарды тудырған қазақ, қай заманда да әлемдік бәсекелерде ел намысын қорғайтын батыр ұлдардан кенде болған емес.Соның бірі - Қытайдағы қазаққа ғана емес, миллиардтар еліне кеңінен таныс, кезіндегі аламан жарыстың бәйге бермес арыстаны атанған, 130 келі салмақтағы түйе палуан Солтыкен Көкішұлы.

Қытайдағы қазақ палуаны Солтыкен Көкішұлын білеміз бе?

Солтыкен Көкішұлы 1952 жылы Қытайдың Алтай аймағы Қыран өзенінің бойында туылған. Аламан жарыста жүлдесіз оралмайтын палуан, қолына қалам алса, жыр жазатын ақын, яғни, жоғары да айтқанымыздай «Палуан білекті, ақын жүректі» бір ұл дүниеге келді.

Солтыкен өзінің толағай денесіне дара біткен күш қайратымен әлемдік бәсекеде Қажымұқандай қарым танытып, ұлттың рухын ұлағаттап, намысын арқалап жүрген палуандарымыздың бірі болды.

Палуанның жастық шағы Қытайдағы аты шулы «Мәдениет төңкерісімен» тұспа-тұс келгендіктен күрестегі жолы кеш басталады. Алғаш, 1977 жылы Қытай Шынжаң палуандар командасына шақырылғаннан бастап, бойындағы тасқын күшті күрестің санқырлы әдіс-айласымен жетілдіріп, аз уақыттың ішінде өз деңгейін әйгілей білді. Палуан бозкілеммен қоштасқан соңғы сәттеріне дейін сан алыптың қабырғасын қайыстырып, тізесін бүктіріп, 22 алтын, күміс, қола медальді алды. Ол өзі туралы: «Тіршілік бар тіріде кешті күнде, Көріп жүрміз өмірден көшті күнде. Сан арысты адуын бүктеп басып, Орда бұзып кетіп ем бесті күнде» деп жырлайды. Алпауыт Қытайдың күрес майданында немесе әлемдік бәсеке сындарында болсын Солтыкең барған жерінде бағындырған биіктері аз болған жоқ. Сондай-ақ, қайда жүрсе де өз ұлтының ұлылығын әйгілеп, намысын алып қалуға тырысып бақты. Сол жеңісті белдесулерінің алғашқысы 1978 жылғы еркін күрес түрі бойынша Үрімжіде өткен Қытайдың мемлекеттік біріншілігі еді. Онда екінші орынды қанағат тұтты. Ал, одан кейінгі 1979 жылы Шұйжуда, 1981 жыл Шанхайда, 1982 жылы Тайваньда, 1986 жылы Ланжуда өткізілген Қытайдың мемлекеттік бәсекелерінде қатарынан бірнеше жыл бойы миллиарттар елінде ешбір жан қазақтың батыр ұлымен белдесіп шыдастық таныта алған емес. Палуанның қанжығасына бас жүлде байланып тұратын еді. Ол 1984 жылы Иран астанасы Тегеранда өткізілген «Такти» атты Халықаралық додада осыған дейін ешкімге дес бермей келе жатқан Кубаның әлем танған атақты палуанын жер искетіп, тәубесіне келтірген. Оны сол кездегі Қытай ақпарат құралдарының жарыса жариялаған болатын. Солтыкен Көкішұлы туралы повесть, поэма, очерк, өмірінен драма да жазылған екен. Тіптен, арнау өлеңдері де өз алдына бір төбе. Сондықтан да біз әңгіме ауанын палуанның тағы бір ерекше қыры ақындық өнері жайына бұруды жөн көрдік. Әлем елдерінде, басқа ұлттар да бір адамның алып күш иесі болуымен қатар ақындығымен де танылуы таңданыс тудыратын дүние. Деседе қазақ үшін бұл жаңа құбылыс емес. Себебі, Балуан Шолақ пен Қажымұқандай сом білекті палуан аталарымыздың, өз кезінде ақындық қырымен де көріне білгені баршамызға мәлім. Сол сияқты Солтыкен Көкішұлы олардың өнерін жалғастырғандай болды. Белгілі айтыс ақыны Құрманбек Зейтінқазыұлының Солтыкен Көкішұлына арнаған арнау өлеңінде: Ер деген де ой, Сөке, ер екенсің, Өнеріңнің ел көрсін берекесін. Балуан Шолақ өлді деп естуші едік, Тір жүрген рухы сен екенсің, - деп жырлауы да бекер болмаса керек. Палуан жастайынан «Бойда қайрат, ойда көз, болмаған соң айтпа сөз» - дейтін Абай ғақлияларын санасына мықтап сіңіріп өсті. Алғашында жиын-тойда тап бермеде өлең құрап әріптесін састырған түрлі шағын айтыстарымен көзге түссе, кейін қағаз бетіне қалам тербеп өмір өрнегін салған шымыр өлеңдерімен де қоғамнан өз оқырманын таба білді. Шығармашылық жолын 1988 жылы «Болат қалам» атты алғаш туындысымен бастаған «палуан білек, ақын жүрек» ағамыз - бүгінде 500 ден астам өлеңнің авторы, Шынжаң автономиялы өлкесінің және Алтай аймақтық жазушылар одағының мүшесі. Сонымен бірге, Қытай мемлекеттік спорт комитетінің «Күрес майоры», «Аға жаттықтырушы» атақтарын алған. Бір қарағанда арасы бір бірінен алшақ жатқан қос өнердің басын бір арнада біріктірген оғлан ұлдың өз туған халқына арнаған сыйы басқалардан өзгеше, әрі тым қымбат бағалануға да тиісті. Өйткені жойқын күш, өр тұлға, мығым қайрат арқау болған, серпін берген шабытты өлеңдердің алар асуы да биктей бермек.

Бақытжол Кәкешұлы