15:38, 07 Мамыр 2010 | GMT +5
Қытайдың Шынжаң өлкесі де табиғат апатынан зардап шегуде
АСТАНА. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Ризабек Нүсіпбекұлы/ - Сәуір айының соңынан бастап Қытайдың Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында қар еріп, тасқын жүрсе, Тұрпан, Құмыл өңірлерінде құмды боран соғып, табиғат тосын қыр көрсетті.
Бұл туралы ҚазАқпарат Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мамырдың 5-сіне дейін табиғат апатынан Шынжаңда жалпы 1 миллион 150 мыңдай адам зардап шекті. 7 адам опат болып, 2 адам із-түзсіз жоғалған. Сонымен бірге 44 мың 100 гектар аумақтағы егіс дақылдарын су шайып кеткен. 37 мың үй құлап, 95 мың үй бүлінген. 55 мың 200 бас мал өліп, нақты экономикалық зиян 2 миллиард 420 миллион юанға жеткен.
Жергілікті өкімет шұғыл аттанысқа келіп, 71 мың адамды қауіпсіз жерге көшірді. Зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік пен киім-кешек жеткізіп, заттай және қаржылай көмек көрсетуде.