Қытайдың тағы бір қаласында COVID-19 індетіне байланысты ішінара локдаун енгізілді
Жергілікті денсаулық сақтау комиссиясының мәліметінше, індет басталғалы Ланьчжоуда жалпы саны 140-тан астам адамның COVID-19 вирусын жұқтырғаны анықталды.
Ланчжоу қаласының төрт ауданында шектеу енгізілді. Түрлі ойын-сауық орындарының (интернет-кафелер, караоке барлар), спорт залдары, кинотеатрлар, кітапханалар мен мұражайлардың жұмысы жеті күнге тоқтатылды. Қоғамдық тамақтану орындары тек алып кету немесе жеткізуді ұйымдастырып жұмыс істей алады. Бұл аймақ тұрғындарына үйде отырып, қашықтан жұмыс істеуге кеңес етілді.
Эпидемиологиялық қауіп деңгейі төмен аудандардың тұрғындарына азық-түлік пен басқа да қажетті тауарларды сатып алу үшін күніне бір рет үйден шығуға рұқсат етілген. Қалалық қоғамдық көлік әлі де жұмыс істейді. Ондағы жолаушылар соңғы 24 сағат ішінде алынған коронавирусқа теріс ПТР сынамасын ұсынуы тиіс.
Бұрын хабарланғандай, өткен аптада 13 миллион халқы бар Сиань мегаполисінде (Шэньси провинциясы, Солтүстік-батыс Қытай) ішінара оқшаулау енгізілді. Жергілікті БАҚ хабарлауынша, Сианьдағы жаңа COVID-19 індеті BA.5.2 омикронының жаңа қосалқы нұсқасынан туындаған.
Фото: news.cn