Қытайлық қандастарымыздан соттылық анықтамасы талап етілмеуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазір шет елден келетін этникалық қазақтардан сотталмағаны туралы анықтаманы талап етпеу мәселесі қаралып жатыр, деп хабарлайды 24 kz.
None
None

Бұл Елбасының тікелей тапсырмасы. Мемлекет басшысы Дүниежүзі қазақтарының 5-құрылтайында құзіретті органдарға осындай міндет жүктеген еді. Әсіресе, бұл Қытай Халық Республикасынан атамекеніне оралып жатқан қандастарымызға қатысты айтылған болатын. Себебі Қытай елінің заңында сотталмаған деген анықтама берілмейді. Ал сотталған азаматқа шекарадан шығуға тыйым салынған.

«Қытай Халық Республикасынан келген этникалық қазақтардан, сол елдің азаматы болып табылатын қазақтардан осы соттылығының бар-жоғы туралы анықтаманы талап етпеу жөнінде іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде қандай құқықтық, қандай нормативтік құқықтық заңнамаларға, актілерге өзгерістер енгізуге болатындығы туралы сараптамалар жүргізілуде. Бүгінгі күні мемлекеттік органдарға келісуге жобалар жіберілді», - деді ҚР ІІМ көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Гүлмира Әлиайдарқызы.

Айта кетейік, осы жылдың алғашқы 6 айында елімізге сырттан 16 жастан асқан 55 мыңға жуық этникалық қазақ келіп, тіркеуге тұрған. Оның 27 мыңға жуығы Қытай қазақтары.  

Соңғы жаңалықтар