15:12, 17 Ақпан 2017 | GMT +5
Қытайлық зейнеткер 72 жасында жынысын ауыстырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейжің қаласында тұратын 72 жастағы зейнеткер жыныс ауыстыратын ота жасатып, ерден әйелге айналды, деп жазды жұма күні China Daily газеті.

Басылымның жазуынша, ота сәрсенбі күні Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясы, Хуэйчжоу қаласында жасалды. 72 жастағы қартқа кеуде импланттары орнатылған. Сондай-ақ, зейнеткер қынап орнату отасын да бастан өткерді.
"Мен өз арманымды іске асырдым - мен әйел болдым", - деп мәлімдеді отадан кейін науқас. Ота алдында Синь Юэ бірқатар тесттен өтіп, жынысын ауыстырғысы келетініне дәрігерлерді сендіру үшін 1 мыңнан астам сұрақтарға жауап берген.
Синь Юэнің айтуынша, бала күнінде ол жиі-жиі қыз болып киінген. 1970 жылы үйленіп, үш жылдан кейін қызды болған. 2000 жылы ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен.