Қытайлықтарға көліктерде сарымсақ жеуге тыйым салынды
АСТАНА. Желтоқсанның 10-ы. ҚазАқпарат - Қытайдың Гуанчжоу қаласында жұмыстың алдында көлік қызметкерлеріне сарымсақ, пияз сияқты өткір иісті көкөністерді жеуге тыйым салынды.
Бұл тыйым қоғамдық көлік жүргізушілеріне, билет сатушыларға, кондукторлар мен экскурсиялық автобустардың гидтеріне қатысты, деп жазады қытайлық "Синьси бао" газеті.
Басылымның атап көрсетуінше, салынып отырған бұл шектеу мегаполис тұрғындарының арасында үлкен дау туғызуда. Көпшілік бұл жаңалықты қолдаса, «жүргізушілер не жегісі келсе, соны жесін» деушілер де табылып отыр. Оның үстіне, сарымсақ пен пияздың тұмауға қарсы күресудің тиімді жолы ретінде қарастырылатынын айта кету керек.
Дегенмен, Қытайдың Денсаулық сақтау министрлігі, сарымсақтың иісі A/H1N1 тұмауынан «қорғай алмайтынын» және фитонцидқа бай бұл көкөністі тамаққа көптеп пайдалану «жаңа тұмауға» тоқтау бола алмайтынын мәлім етіп отыр.