«Қыз алып қашу қылмыстық жауапкершілікке жата ма?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 7 қазан, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы өткізген Трансформациялау форумына қатысты. «Санаға толықтай сіңіп үлгірмеген трансформация түсінігі тілімізге де емін-еркін ене қоймағаны анық. Алайда, атауы айрықша танымал болмаса да, бұл ұғым біздің қоғамға да «қоныс теуіп», қолданысқа кіре бастағанына біраз болған. Себебі, «трансформация» сөзі сөздіктерде «өзгеру» «түрлену» түсінігіне балама болады. Яғни, экономикаға қатыстырып айтқанда трансформация жаңа түрге ауысуды білдіреді екен. Ендеше, астарына үңілсек, біздің қоғам талайдан демесек те, біраздан бері жаңаруға бағыт бұрып, осы трансформация түсінігіндегі өзгеріске өрістегені баршаға белгілі шығар. Десек те, мұның бәрі бұған дейінгі алғы шаралар, бағдарламаға барар баспалдақ басқыштары десек болатындай. Өйткені, Трансформациялау бағдарламасының нақты тұсауы кеше кесіліп, ресми іске қосылды. Ол еліміздің «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамынан бастау алды»,- деп жазады басылым. Бағдарламаның «беташарына» Елбасы өзі қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Самұрық-Қазына» қорын қалыптастырар кезде ел байлығын еселейтін, жоғары технологиялы әрі тиімді компания құру көзделгенін айтты. Осы жайында «Әл-ауқат қоры алдында ауқымды міндеттер тұр» деген көлемді мақаладан оқи аласыздар.
Бас басылымда «Азиадада айбынымыз асты» деген мақала жарық көрді. Қазанның 4-і күні Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында мәреге жеткен ХVII Азия ойындары Қазақстан спорт саңлақтары үшін үлкен абыроймен аяқталды. Бұл айтулы аламанда 39 спорт түрінен 439 медаль жиынтығы (барлығы - 1454 медаль) сарапқа салынды. Еліміз атлеттері бәсекеде спорттың 23 түрінен сынға түсіп, 28 алтын, 23 күміс, 33 қола, барлығы 84 медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте 4-орынға табан тіреді.
Азия ойындарының соңғы күні, яғни 4 қазанда қоржынымызға каратэшілеріміз бір «күміс» және «қола» салды. Аталған күміс жүлдені Екатерина Хуповец (-50 кг.) иеленсе, «қола» Халид Халидовқа (+84 кг.) бұйырды. Осы жолғы күміс жүлде Азиададан ұтқан медальдарымыздың ең соңғысы болды.
Қазақстан спортшылары ХVII Азия ойындарында, сөз жоқ, орасан зор табысқа жетіп, өздерінің миллиондаған жанкүйерлері мен тілеулестерінің көңілінен шықты. Олар 28 алтын медальды жеңіп алу арқылы сонау 1994 жылы Хиросимада тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш - 25 жоғары сапалы награда деңгейінен айтарлықтай асып түсті. Сөйтіп, 20 жыл бойы өзгеріссіз мызғымай тұрған көрсеткіш жаңарып, жаңа рекорд тіркелді.
***
«Айқын» газетінің «Көкейдегі сауал» айдарында «Қыз алып қашу қылмыстық жауапкершілікке жата ма?» деген мәселе көтеріліп отыр. Осы орайда басылым бірқатар заңгерлердің пікірін ортаға салды. Сұлтан Сартаев, ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы:
- Қыз алып қашу - біздің халқымызда ежелден бар дәстүр. Сонау замандарда қызды ешқандай келісімсіз алып қашатын болған. Бір ерекшелігі, өз заманында қызды айттырып алу үшін оның ата-анасына қалыңмал ретінде үйір-үйір жылқы, бірнеше табын сиыр және белгілі көлемде түйе беретін болған. Әрине, қора-қора қой, үйір-үйір жылқысы жоқ, әл-ауқаты орташа әулеттен шыққандар сұраған қалыңмалын бере алмайтын болған соң, амалсыздан қызды алып қашатын болған. Көп жағдайда бұл екі адамның, дәлірек айтқанда, қыз бен жігіттің өзара келісімі, яғни байламы жағдайында жүзеге асқан. Егер қыз өзінің көңіл-қошымен емес, керісінше, алып қашу арқылы зорлықпен бөтен біреудің табалдырығын аттаса, онда қыздың ата-анасының немесе сол әулеттегі қарияның шешімімен әлгі жігітті ұстап алып, оған айыбының өтеуі ретінде бәленбай рет дүре соққан. Ал қазір ше? Таңданатыным, кейбір аймақтарда әлі күнге дейін қыз алып қашу дәстүрі сақталуда. Бірақ заман жаңарып, заң өзгерген бүгінгі жағдайда егер қызды келісімінсіз алып қашса, онда бұл қылмыс болып саналады. Заң бабы бойынша, қыз алып қашқан адам сот үкімімен бірнеше жылға сотталады. Бұл - жаңа ғасыр талабы!
Осы басылымда «Апатты мектептер қашан азаяды?» атты мақала басылды. «Нұр Отан» партиясының парламенттік фракциясының жиналысы өтті. Онда «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет» жобасы және партияның «Қазақстан. 2017 мақсаттары, Ұлттық іс қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасының міндеттемелерін қаржылық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Жиында фракция басшысы, Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке бір жыл ішінде апатты және үш ауысымды мектептер проблемасын шешуге кеңес берді. Өйткені бұл ғимараттар ел болашағы - жас ұрпақтың өмірі мен денсаулығына күн емес, сағат сайын қауіп төндіруде. Демек, бұл проблемадан құтылу ісін кері шегіндіре беруге болмайды. Бұл ретте шенеуніктер бүкіл еліміздегі апаттық білім мекемелерінің мәселесін бір жылда шешуге бюджет қаржысы жетпейтіндігін алға тартқан. Депутаттардың айтуынша, егер «қажетсіз шығыстарды қысқартса, қаржы табылады».
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын жекешелендіру керек пе? ..» деген мақала жарияланды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын жекешелендіруге қатысты өз қарсылығын білдірді. Ол осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Атап айтсақ, елімізде Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламаның мақсаты Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты болып табылады. Бағдарламаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаражаттар бағытталған. Бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыруға мемлекеттік бюджеттен көзделген жалпы шығын - 19 134 946 мың теңге. Ал 2015-2020 жылдар ішінде Бағдарламаны қаржыландыру көлемі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерді тиісті қаржылық жылға қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады. Осы бағдарламаны іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік кәсіпорындар - Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын құрды. Депутат облыстар мен аудан әкімдіктері өңірлік коммуналдық иелігіндегі мемлекеттік кәсіпорындарды - Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын да сатуға шығарып отырғанын мәлімдеді.