Қыздар университетінде «Нұр Отан» ХДП жаңа саяси Доктринасының жобасы талқыланды

Доктринаның соңғы қорытынды нұсқасы үстіміздегі жылдың 18 қазанында белгіленген партияның кезектен тыс ХV съезінде делегаттар қарауында қабылданбақ. Осы орайда, Қыздар университеті 2 қазан күні жаңа саяси Доктрина жобасын талқылап, құжатқа байланысты өз ойларын білдірді.
Қыздар университеті жанындағы «Нұр Отан» ХДП бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелге «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық саяси бюросының мүшесі, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева, Алматы қалалық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Арман Халбеков, Алмалы аудандық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Үкібай Нұрпейісов, «Нұр Отан» партиясының мүшелері, университет ұжымы мен «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері қатысты.
Жиында Қазақстан қоғамын біртұтас етіп жұмылдыруды, уақыт ағымы мен тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан негізгі құндылықтарды нақтылауды мақсат еткен жобадағы бес басымдыққа байланысты тұжырымдар жасалды. Әр қатысушы мемлекеттік бағыттың тұрақтылығы мен баяндылығын, көркеюін қамтамасыз ететін тірек ретінде қабылданғалы отырған жобаға өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Шараны ашқан Бастауыш партия ұйымының төрайымы Светлана Нұрдәулетқызы жиналған қауымды еліміздің барлық аймақтарында қолдауға ие болған «Нұр Отан» партиясының жаңа саяси Доктринасы жобасының мақсат-міндетімен, еліміздің табысты дамуындағы құжат рөлімен жіті таныстырып, жаңа жобаның көп кезеңге арналғандығын және онда партияның негізгі құндылықтары нақты көрсетілгендігін айрықша атап өтті.
Басқосудың басты баяндамасын жасаған Динар Жүсіпәліқызы Нөкетаева Қазақстан халқы үшін аса маңызды тетіктер қамтылған жаңа құжатқа саяси баға берді.
- «Еліміздің өркендеп, ұлтымыздың дамуының басты бағыттарын көрсеткен Елбасының тікелей тапсырмасымен дайындалған жаңа саяси Доктрина «Нұр Отан» партиясының дамуындағы маңызды белес. «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында»» атты жаңа саяси Доктринаның партияның ХХІ ғасырдағы стратегиясын айқындап берді. Жаңа құжат, сонымен қатар, ел дамуының жаңа кезеңіне бастама болмақ», - деді университет ректоры.
Бұдан кейін, дөңгелек үстел отырысында Құқық және басқару негіздері кафедрасының меңгерушісі А.И.Бадановтың, Жастар қанатының төрайымы Ғ.К.Камалованың, Жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы Ж.М.Жақсықұлова мен РhD докторы А.А.Нұрмұхамбетовтың баяндамалары тыңдалды. Баяндамадан кейін өз пікірлерін білдірген партия мүшелері мен жиынға қатысушылар «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі міндеттерін жүзеге асыру арқылы Қазақстан әлемнің таңдаулы мемлекеттерінің қатарынан орын алатынына толық сенетіндіктерін білдіріп, жаңа саяси Доктринаның жобасын толық қолдайтындықтарын мәлімдеді.
Шара соңында Қыздар университеті жанындағы бастауыш партия ұйымының қаулысы қабылданды. Сонымен қатар, Астанада өтетін партияның кезектен тыс ХV съезіне қатысатын делегаттар тізімі бекітіліп, «Нұр Отан» ХДП мүшелігіне қабылданған жаңа мүшелерге партия куәліктері табыс етілді.