Қызылағашта мерекелік дастарқан жайылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. 21 наурыз. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Табиғат апатынан кейін қалпына келтірілген Қызылағаш ауылында бүгін мерекелік дастарқан жайылды.
Облыс әкімі Серік Үмбетов ауыл тұрғындарын Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамымен құттықтады. «Биылғы жыл молшылық әкелсін, жаманшылықтың бәрі бетімен кетсін!», - деді әкім өз сөзінде.
Мерекелік дастарқан қалпына келтірілген мектептің спорт залы мен ауласында жайылды.
Жергілікті тұрғындар да облыс басшылығы мен оның ұжымына өз алғыстарын білдірді: «Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында, біз ешқандай мұқтаждық көріп отырған жоқпыз: баспанамен қамтамасыз етті, жиһаздар мен тұрмыстық техниканы үйімізге кіргізіп берді, мал да берді. Күзде бәрімізге бидай және жемшөп бөлінді. Ауыл адамына тіршілік үшін бұдан басқа не керек? Баршаңызға алғысымыз шексіз. Пәле-жаланың бәрі артта қалсын!», - деді ауыл тұрғыны Әлиқұмар Ыдырысов.
Аруақтарға арнап құран бағышталды.