20:15, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
Қызылорда қаласында жаңа бетонды арнаның құрылысы басталды
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Облыс әкімі Болатбек Қуандықов аймаққа келген күннен бастап бірінші кезекте аяқ су мәселесін шешу ісін қолға алған еді. Облыс басшысының тапсырмасына орай өткен жылдың өзінде бірқатар елді мекендердегі арналар тазартылып, кеңейтілді.
Су деңгейі төмен жерлерге сорғыштар орнатылды. Егін және балық шаруашылығын дамытуға байланысты көлдер мен тоғандарды суға толтырып алу мақсатында былтыр Қараөзек арнасы бойына тоспа салу ісі қолға алынды. Енді міне, биыл Қызылорда қаласының аяқсуға деген қажеттілігін өтеу мақсатында облыста бұрын-соңды болмаған алып құрылыс жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Бұл құрылыстың тапсырыс берушісі ? облыстық "Қызылордасушаруашылығы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны. Бас мердігер болып "Дәнекер" ЖШС құрылыс компаниясы танылды. Қызылорда қаласының аяқсу мәселесін шешуге орай салынып жатқан бұл құрылыстың ұзындығы 5 шақырымнан асады. Ол өзінің бастауын Тасбөгет қыстағындағы оңтүстік жағалық магистральды арнасынан алады. Қазір осы жерде қаланы толық аяқсумен қамтамасыз ету үшін төрт сорғы стансы орнатылу үстінде.
Бүгінде қаланың Жібек жолы көшесінің бойында жүргізіліп жатқан бұл құрылыс күн өткен сайын қарқын ала түскен. Құрылысқа қажетті материалдарды компания өзіміздің "Құрылыс" акционерлік қоғамынан және Тараз қаласынан алуда. Бұл су жүйесінің құрылысы екі кезеңнен тұрады. Оның алғашқысын Тасбөгет қыстағынан облыстық медициналық орталыққа дейін жеткізу көзделсе, екінші кезеңде оны осы орталықтан "Сәулет" шағын ауданына дейін апару жоспарланған. Бір ерекшелігі: су жүйесі жол бойындағы бұрылыс қалтарыста орналасқан барлық ауданды түгелдей қамтып өтеді.Құрылыс бөлімшесінің бастығы Құдайберген Ақбаров қаңтар айында басталған бұл құрылысты сәуірде толық аяқтау жоспарланып отырғанын айтты. Сондықтан да қалалықтар үшін аса маңызды болып отырған бұл нысанды уақытылы аяқтау үшін "Иман", "Жаңарту", "Восток" және "К-07" секілді бірнеше серіктестік қосымша жұмысқа тартылған. Құрылыс басындағы жұмысшылар кәсіпорын есебінен күнделікті үш мезгіл тегін ыстық тамақпен және демалатын орынмен қамтамасыз етілді.Сонымен, облыс орталығында "Сарқырама" арнасына пара-пар тағы да бір су жүйесі салынуда. Қызылорда қаалсының бас арнасына айналғалы отырған оны құрылысшылар алдағы көктемде пайдалануға бермек.