Қызылорда қаласының әкімі биыл біраз шаруаның реттелетінін мәлімдеді

ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Кеше Қызылорда қаласының әкімі Мұрат Ергешбаев Гагарин және Титов аудандары тұрғындарының алдында есеп берді,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кездесуде алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары М.Жайымбетов әлемдік қаржы дағдарысына орай оның біздің елге тигізер әсерінің алдын алу мақсатында Елбасының тапсырмасына орай арнайы бағдарлама қабылданғанын айтты. Облыста да бұл бағытта кең көлемді іс-шаралар жасалды. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгерілеушілік бар. Оңды нәтижелердің бірқатары қалаға да қатысты. Мұнан кейін сөз алған қала әкімі М.Ергешбаев өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындысы туралы жан-жақты айтып берді. Атап айтқанда, былтыр қаланың өндірісі өркенін кеңге жайды. Осы жылы 11 млн. тонна мұнай өндірілді. Табиғи газ өндіру көлемі тиісті кезеңмен салыстырғанда 16 пайызға артты. Қызылорда қаласын индустриалды-инновациялық дамыту бағытында да кең ауқымды жұмыстар жүргізілді. Соның бірі "Мелиоратор" ЖШС жылдық өндірістік қуаттылығы 30 млн. дана керамикалық кірпіш шығаратын зауытты іске қосты. Соның нәтижесінде кірпіш өндіру екі есеге артты. Ал ең бастысы, қала көлемінде индустриялық аймақ құру мақсатында қала әкімдігі Титов қыстағы аумағынан 345 гектар жер бөлді. Бұл аймақ экспорттық-өнеркәсіптік аудан болады деп күтілуде. Мұнда өндіріс орындары салынып, оларды іске қосқан кезде жүздеген адам жұмысқа тартылып, олардың әлеуметтік ахуалы қазіргісінен де жақсара түсетін болады.Өткен жылы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына сәйкес барлық қаржыландыру есебінен жалпы көлемі 137 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл бұл іс өзінің жалғасын табады. Соның ішінде осы Титов қыстағынан екі 50 пәтерлік тұрғын үй салу қазірдің өзінде қолға алынды. Бұған қоса үстіміздегі жылы облыс орталығынан 400 мың кітап қорын сақтайтын кітапхана мен бірнеше емдеу орындарының құрылысы да басталады.Былтыр облыс әкімінің бастамасымен қаланы газдандыру аясында кең ауқымдағы жұмыстар атқарылды. Жылу-электр орталығындағы бу қазандықтары мен турбогенераторлар газға көшірілді. Оған қоса 95 шақырымға жуық төмен қысымды газ құбыры жүргізілді. Сондай-ақ құрылысы аяқталмаған газдандыру нысандары толық іске қосылып, жаңа жүйелерді салу жүзеге асырылды. Үш газ реттегіш бекеттері пайдалануға берілді. Бір ескертетіні, алдағы уақыттан бастап көгілдір отынның қызығын тек тұрғындар көріп қоймайды. Сонымен қатар, ол қаланың өндірісін өркендетеді. Кәсіпкерлік саласы құлашын кеңге жаяды. Есепті мерзімде қалада 6 шақырым ауызсу құбыры және барлығы 20 шақырымынан астам кәріз су жүйесі жаңадан салынды. Бұған қоса осы жүйелердің ондаған шақырымы және қаланың бас тоған стансасының көтерме сорғы қондырғылары қайта жаңғыртылды. "Шет аймақ" бағдарламасы аясында 6 ұңғыма бұрғыланып, іске қосылды. Қаланың ауыл шаруашылығы саласында да өрлеу бар. Мал өнімін өндіру көлемі артып, егіннен ойдағыдай өнім жиналды. Дегенмен, қалаға азық-түлік өнімдері негізінен сырттан тасымалданды. Сондықтан осы мақсатта бағаны тұрақтандыру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Соның бастысы, бағаның негізсіз өсуіне жол ашады деген жанар-жағармай сатумен айналысатын 7 мекемемен меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, оңтүстік облыстардан арзан азық-түлік пен көкөніс тасымалдау үшін қалалық бюджеттен 30 млн. теңге қаржы бөлінді. Осы алынған тауарлар қазір Арзан базар қоймасында сақталып, ол тұтынушыларға 10-15 пайыз төмендетілген бағамен сатылуда. Бұл іске қала кәсіпкерлерінің де қосып отырған үлесі аз емес. "Шоқ су" ЖШС айына қуаттылығы 300 мың пакет күріштен жасалған макарон өнімдерін өндіретін цех ашса, "Ақ барыс" ЖШС тәулігіне 40 тонна ет дайындайтын мал сою цехын іске қосты. Ал "Озық" ЖШС жаңа тігін цехтарын ашты.Өткен жылы қаланың білім, денсаулық, мәдениет және спорт саласында да қыруар істер атқарылды. Осы бағытта бірнеше нысандарға күрделі жөндеу жүргізіліп, олардың материалдық-техникалық базалары нығайтылды. Өз кезегінде зейнеткерлер Жақанша Асқаров, Икрам Бодыбаев және Әбдіхалық Тілеулиев есік алдына келіп тұрған газды үйге кіргізу бағасының қымбаттығы туралы, аурухана салу, көлік қатынасы, жол және аяқсу мәселесін шешу мен көшені жарықтандыру төңірегіндегі ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Ал "Пищевик" және "Ягодка" саяжай тұрғындары атынан сөз алған Серғали Жарықбаев бірқатар адамдардың әлі күнге дейін тиісті құжаттарын ала алмай отырғанын, қаланың батыс бөлігі аталатын бұл ауданға бір атау беріп, құрылыс жүргізуге рұқсат етуге көмек сұрады.Халықпен кездесу жиынын қорытқан М.Жайымбетов Гагарин және Титов аудандары биыл толық газ жүйесіне қосылатынын айтты. Сондай-ақ оны жекелердің үйіне орнату көпшілік айтқандай 300 мың емес, 100 мың теңгеден аспайтын болады. Тұрғындарға ауыр соқпас үшін оны бөліп төлеу жайы да қарастырылады. Қазір осы бағытта тікелей облыс әкімінің тапсырмасына орай коммуналдық кәсіпорын құрылып, іске кірісті.Тұрғындармен кездесу барысында көтерілген мәселелер өз ретімен шешілетін болды. Билік пен халық арасындағы бұл басқосу өзінің нәтижелігімен ерекшеленді.
Соңғы жаңалықтар