18:47, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қызылорда облысының қаржы бақылаушылары республикада көш басына шықты
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Бюджет қаржысын тиімді пайдалану, оны өз мақсатына жұмсау жолында қаржылық бақылау орнатудың ерекше маңызы бар.

Бұл бағытта Республика Қаржы министрлігі қаржылық бақылау комитетінің облыс бойынша инспекциясы ықпалды шаралар кешенін қабылдап, жылдан-жылға жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Осының нәтижесі болса керек, облыстық инспекция 2008 жылдың қорытындысы бойынша республикалық қаржы-бақылау комитеті жүргізген рейтинг нәтижесімен елімізде бірінші орынды иеленіп отыр.Облыстық инспекция өткен жылдың өн бойында көш тізгінін уысынан шығарған емес. 2008 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысымен бірінші орынды иемденсе, жыл соңына дейін бұл жетістікті баянды ету мақсатында тынымсыз еңбек етіп, миллиондаған теңге мемлекет қаржысының ел игілігіне жұмсалуына сүбелі үлес қосты. Республикалық комитеттің жүргізген рейтингі бойынша Қызылорда облысы бірінші, Ақтөбе облысы екінші, Солтүстік Қазақстан облысы үшінші орынды иемденді. Салыстырмалы түрде айтсақ, облыс қаржы-бақылау ұжымы аталмыш рейтинг қорытындысымен 2007 жылы 6-шы орынды қанағат тұтқан болатын.Республиканың қаржылық-бақылау комитеті облыс қаржылық-бақылау инспекциясы қызметкерлерінің рейтинг бағалауының барлық критерийлері бойынша жоғары көрсеткіштерге жеткенін атап көрсетті. Бұл облыста аталған салада білікті, тәжірибелі мамандардың қызмет атқаратынын айғақтайды. Рейтинг бағалау көрсеткіштері бойынша Қарағанды, Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Атырау облыстарының қаржылық-бақылау инспекциялары көш соңында қалған.