10:38, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қызылордада бағыттық автобустар көбейе бастады
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Қызылорда қаласы әкімдігінде "Ақ орда" республикалық қозғалысы" қоғамдық бірлестігінің жетекшілері, "Көлік қызметі" МҚК басшылары және Түркиялық "ТЕМSА" компаниясы өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Басқосуда жолаушыларды тасымалдау қызметінің тиімділігін арттыру, инфрақұрылым әзірлеу және жоба дайындау мәселелері сөз болды.
"ТЕМSА" компаниясының жолаушы тасымалдауда 20-30 жылдық тәжірибесі бар. Мұндағы автобустар неміс технологиясымен Түркияда жасалады. Еуростандартқа сай, сыйымдылығы 24 жолаушыға арналған. Мамандардың айтуынша, жиырма жылға дейін пайдалануға болады.Кездесуде мән-жайға қаныққан қала әкімі Мұрат Ергешбаев "ТЕМSА" компаниясы ұсынып отырған жобаға қызығушылық танытып, олардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі."Ақ ордалықтар" биылғы наурыз мерекесі қарсаңында 100 автобусты қалаішілік бағытқа қоспақшы. Ол кезде қазіргі төрт бағыт қысқарады. Қыркүйек айында қаладағы бағыттар толықтай автобустарға көшіріледі деп күтілуде. Сол уақытқа дейін "ТЕМSА" компаниясының 350 автобусы жеткізіледі.Баспасөз мәслихатынан соң "Көлік қызметі" мекемесінде алғашқы екі жаңа автобусты қала бағытына қосу шарасы салтанатты түрде өтті. "ТЕМSА" компаниясының өкілі Кочак Мепин жиналғандарды құттықтап, бұдан былай жолаушы тасымалындағы мәселелер оң шешімін табатынын жеткізді.