Қызылордада энергетикалық дағдарыс еңсеріліп келеді

ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Соңғы жылдары аймақ халқы энергетикалық дағдарыстың зардабын тартудай-ақ тартты. Қыстың күндері ауылдар түгілі, облыс орталығында да жарықтың үзіліспен берілуі қалыпты жағдайға айналды. Жарықтың үзік-созық берілуі тұтынушылардың ашу-ызасын тудырғаны былай тұрсын, ертеңгі күнге деген сенімін қою қараңғылыққа батыра бастап еді,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыс әкімі Болатбек Қуандықов қызметке кіріскен алғашқы күндерден бастап энергетика саласындағы әрі-сәрі ахуалды сауықтыруды бірінші кезекке қойды. Бұл уақытта аймаққа электр энергиясын таратушы ? КРЭК-тің кірпігі ғана қимылдап жатқан-ды. Оның ауыр жағдайын оңалту оңай шаруа еместігі әу бастан белгілі еді. Әбден тозығы жеткен жүйелер, жылдап өтелмеген қарыздардан еңсесін көтере алмаған компанияның суға кетіп бара жатып тал қармағандай әрекеттерінен ештеңе өнбеді. Осы тұста тұтынушылар сенімінен ада болған мекемені тез арада жеке меншіктен мемлекет меншігіне қайтару міндеті тұрды. Өйткені осыншалықты ауыр жағдайдағы компанияны құтқаруға мемлекеттен басқа ешқандай инвестор тәуекел ете алмас еді. 2008 жылғы қарашаның 31-інде КРЭК АҚ-ның 100 пайыз акциясын мемлекет сатып алды. Облыста "2008-2015 жылдарға арналған Қызылорда облысын электрмен жабдықтауды дамыту өңірлік бағдарламасы" қабылданды. Содан бері атқарылған істердің ауқымы жылдарға жүк боларлықтай. Алғашқы кезекте аударылған 350 млн. теңгенің 120 млн. теңгесі тек жұмысшылардың жалақысын өтеуге жұмсалды. Одан бөлек компанияның салық, зейнетақы қоры мен несие және жылу орталығына қордаланып қалған берешектері төленді. Бұрын аталған мекемеде жалақы уақтылы берілмегендіктен кадрлар тұрақтап жұмыс істемейтін. Мемлекет меншігіне өткен үш айда мұндағы мамандарды тұрақтандыруға қол жеткізілді. Бос тұрған қызмет орындарына мамандар қабылданды. Ең басты жетістік ретінде, әрине, электр энергиясының тұтынушыларға үзіліссіз берілуін атап өтуіміз керек. Бұрынғы электр тарату компаниясынан мемлекетке миллиондаған қарыздарға қоса істен шыққан, апатты жағдайда тұрған электр жабдықтары мен материалдары, құрал-жабдықтар мен қондырғылар, әбден тозығы жеткен құтқару бригадасының автокөлік паркі "мұра" болып қалды. Оның үстіне КРЭК-тің мемлекеттік меншікке өтуі энергетика және коммуналдық саланың "сынақ тапсырар" кезеңіне, яғни, қыс айларына дөп келді. Қыстан қысылмай шығу үшін желтоқсан айында облыс әкімінің қорынан 60 млн. теңге, ақпан айында 100 млн. теңге қаражат бөлінді. Бүгінде компанияның қаржылық жағдайын жақсарту үшін іргелі жұмыстар атқарылуда. Ең алдымен электр тасымалдау тарифі табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыстағы департаментінде қайта қаралды. Басшылық бұл қадамға электр желілерінің қазіргі сын көтермейтін жағдайын жөндеу үшін барып отыр. Жарық тарату мекемесінің банктерге төлейтін несиелері мен заңды тұлғалар алдындағы қордаланған қарыздарын да облыстық бюджет есебінен өтеу қарастырылуда. Мамандардың айтуынша, осы екі күрделі түйіннің күрмеуі тарқатылса, КРЭК аяғынан тік тұрып кетуге қабілетті.Соңғы онжылдықтар ауқымындағы кіші кәсіпкерлік пен өндірістің даму қарқыны электр энергиясына деген сұранысты бірнеше есеге арттырғаны мәлім. Алайда, энергетика саласын дендеген дағдарыс сұранысқа сай жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Бұның салқыны облыс орталығындағы тұтынушылар саны көбейгенде де сезілді. Қаланы қоршай бой көтерген шағын аудандар тұрғындары тозған подстансаларға, өткізу қабілеті төмен желілерге тұс-тұстан жалғанып жатты. Күнделікті жарық таратудың өзін күрделендірген КРЭК тұтынушылар сұранысын қанағаттандыра алмады. Байқауымызша, бұл мәселенің шешімін табар күні жақын сияқты. Қаланың инфрақұрылымын дамытуға бөлінген 1 млрд. теңгеден астам қаржы ауыз су, жол және электр желілерін тартуға жұмсалады. Бұл орайда да алдымен электр желілерінің жағдайын жақсартуға басымдық берілуде. Алдағы уақытта жарықтан тапшылық көріп отырған шағын аудандарға 15-ке жуық жаңа подстанса қойылып, ондаған шақырым желі тартылмақ. Жуырда техника-экономикалық негіздемесі жасалған облыстың және Қызылорда қаласының 2015 жылға дейінгі даму бағдарламасында энергетика саласындағы қиындықтарды кезең-кезеңмен шешу мәселесі көрініс тапқан. Бүгінгі қолданыстағы 35 киләвольттық желілерді 110 киләвольттық өткізу қабілеті жоғары желілермен ауыстыру жоспарланған. Мемлекет меншігіне өткен төрт айда құрдымға кеткелі тұрған компания осылайша берекелі тірлікке қарай бет бұрды. Бұл орайы табылған оңды істердің бастамасы ғана. Алдағы уақытта электр жарығын тарату мекемесін аяғынан тік тұрғызу үшін қыруар қаржы, қажыр-қайрат жұмсалатыны байқалады. Өйткені бұл халықтың әділ талабы.
Соңғы жаңалықтар