21:05, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Қызылордада мемлекеттік тілді үйретудің "Мәртебелі сөз" оқыту кешенінің таныстырылымы өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Студенттер сарайында Мәдениет және ақпарат министрлігі тіл комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы республикалық тілдерді дамыту үйлестіру-әдістемелік орталығы өткізген біліктілікті жетілдіру курсының тыңдаушыларына арнайы сертификаттар тапсырылды,
![None None](/static/img/plug.webp)
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Білім жетілдіру курсын тілдерді дамыту жөніндегі басқарма жанындағы өңірлік орталық ұйымдастырды. Оның тыңдаушылары қазақ тілі пәнінің оқытушылары мен тіл мамандары, әдіскерлер болды. Сертификат тапсыру рәсіміне облыс әкімінің кеңесшісі Ержан Уәйіс қатысып, тіл жанашырларының бастамасына сәттілік тіледі.
Екі күн бойы курс лекторы, республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары, профессор Несібелі Құрмаш тыңдаушыларға мемлекеттік тілді үйретудің интерактивтік әдістемесін үйретті. Әлемдік тәжірибеде өз нәтижесін берген әдістерді сараптай отырып жасалған жаңа әдісті күнделікті оқу үдерісіне енгізуге әбден болады. Республикалық орталық ана тіліміздің ресми стилін қалыптастыру арқылы тілдің өрісін өркендетуге баса мән беріп отыр. Ол үшін мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тілінде ресми стильде сөйлеуге машықтандыру керек. Осы мақсатта әдістемелік құралдар көптеп шығарылуда. Жиында "Мәртебелі сөз" оқыту кешенінің таныстырылымы өтті. Сертификатқа ие болған тыңдаушылар курс ұйымдастырушылары мен дәріс берушілерге алғысын білдірді.