08:39, 08 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қызылордада табиғатты қорғаудың жаршысы болатын тағы бір басылым пайда болды
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ –Сыр өңірінің ақпарат кеңістігіне тағы бір жаңа басылым қанат қағып шықты.
"Табиғат тынысы" аталатын газет атына сай экологиялық ахуалымызды сауықтыруға өз тынысымен, тың ой-пікірлерімен сеп болуды көздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Алғашқы нөмірдің "Бас редакторы бағаны" айдарында айтылғандай, "Экологиялық кодекс талаптарын бұзғандар заң алдында жауап беріп жатыр ма? Ең аяғы, әрбір қызылордалықтың экологиялық сауаты қай деңгейде?", міне, осы сұрақтардың өзі-ақ аймағымызда дәл осы тақырыптарды жан-жақты ашатын арнайы басылымның қажет екендігін көрсететін.
Белгілі журналист, ізденімпаз әріптесіміз Нұрлан Көбегенұлы қолға алып отырған, меншік иесі "Ибрайхан и К-ЛТД" ЖШС болып табылатын жаңа басылым өзінің діттеген мақсатына жете білетінін газеттің бірінші нөмірлерінен-ақ байқатқандай. Газеттегі "Қар астындағы қалың ақша", "Табиғатқа қырын қарағандар заңнан сыбағасын алды" дейтін нақты мәселе төңірегіндегі мақалалар осыны меңзейді. Сондай-ақ, басылым беттерінен "Адамды табиғаттан бөле алмайсың", "Ғарыш та қоқысқа тола бастады" сынды танымдық материалдардың орын алуы да оның кең ауқымдылығын білдіреді.Басылым тақырыптары біржақты емес. Оқырман онан рухани құндылығын салмақтандыра түсетін сан алуан жарияланымдармен де таныса алады.