20:10, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қызылордада үлескерлік төңірегінде ешқандай проблема жоқ
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Қызылордада Қазақстанның басқа қалалары мен Астана және Алматы шаһарларындағыдай тұрғын үй салудағы үлескерліктен туындап отырған проблеманың бірде-бірі жоқ,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. ? Тұрғын үй құрылысына тұрғындардың үлестік қатысу жағдайы бізде орын алмады, ? деп осыны растады облыстық сәулет құрылыс-бақылау басқармасы бастығының орынбасары Әмірхан Бәкіров. ? Егер үлестік қаржымен тұрғын үй салуға ниет білдірген компаниялар болса, біздің басқарма арқылы лицензия алады. Қазақстанның бірқатар облыстарында орын алған келеңсіз оқиғаларға байланысты Үкімет лицензия беруге уақытша мораторий жариялаған болатын. Алғашқыда бірлі-жарым компания басшылары басқармаға өтініш білдіріп, жоғарыда айтқандай мораторий жариялануына байланысты олардың өтінімдері қабылданбады. Кейін лицензияға рұқсат берілді. Бірақ, Қазақстан өңірлерінде орын алған келеңсіздіктер сабақ болды ма, бізге келіп қайта өтініш білдіргендер болған жоқ.Міне, құрылысқа үлестік қатысуға байланысты жергілікті жердегі жағдайдың бүгінгі барысы осындай. Үлестік қатысу жағдайы орын алмаған жерде проблеманың болмайтыны белгілі. Ал Қазақстанның басқа өңірлеріндегі туындаған проблемалар қалай шешілуде? Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Ұлттық банкінің және қаржы нарығын, қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылы жоспары бойынша жылжымайтын мүлік нарығындағы түйіндерді шешудің бірнеше бағыттары белгіленген болатын. Онда азаматтардың тұрғын үй проблемаларын шешу және Астана мен Алматы қалаларында тұрғын үй нарығын жандандыру үшін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры арқылы ипотекалық несие берудің және тұрғын үй секторын дамытудың арнайы бағдарламасын іске қосу көзделуде. Бұл бағдарламаны қаржыландыруға 5 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде сома жіберіледі. Ол Ұлттық қордан және жинақтаушы зейнетақы қорларынан алынған қарыз қаражатын тарту есебінен қалыптасады. Осы бағдарламаның қаражаты есебінен екінші деңгейдегі банктер арқылы Алматы және Астана қалаларындағы құрылысы аяқталмаған тұрғын үй кешендерін аяқтауға қарыз беру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Үкімет аталған іс-қимыл жоспарында көзделгендей, үлестік құрылыс мәселелері жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізеді. Бұл құрылыс компанияларының үлескерлер алдындағы жауапкершілігін арттыру мақсатын көздейді.