Қызылордадағы қалдық өңдеу зауыты қаланың экологиялық ахуалын сауықтырады
ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Былтырғы жылы Қызылода облысының әкімі әлемдік стандартқа сай әрі қалаға экономикалық және экологиялық жағынан тиімді болатын зауыт жобасын әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 10 млн. теңге қаржы бөлдірген еді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Осы қаржыға тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, ол мемлекеттік және экологиялық сараптамадан өткізілді. Бұл жобаны Алматы қаласындағы "Қазмеханобр" мемлекеттік ғылыми-өндірістік өнеркәсіптік экологиялық бірлестігінің еншілес мемлекеттік кәсіпорны әзірледі.Зауыттың құрылысын салу құны барлық құрал-жабдықтарды қоса есептегенде 4,97 млрд. теңгені құрайды. Онда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптайтын және полиэтиленнің қатты және жұмсақ түрлерін, қағаз өңдейтін цехтар бар. Сондай-ақ зауыт арнайы қойма және қазандықпен, су және кәріз жүйелерімен, электр- трансформаторлық стансы секілді қосымша жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Бір атап өтерлігі, зауыттың сұрыптайтын және өңдейтін цехтарының қондырғылары Испания, Италия және Финляндия елдерінен алынады. Ол толық пайдалануға берілгенде 131 адам жұмысқа тартылады. Зауыт тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, өңдейді және кәдеге жаратады. Сонымен, аймақ үшін аса маңызды істің алғышарттары жасалды. Ол іске қосылғанда тұрмыстық қалдықтардың қазіргідей Қытай не басқа да шет елдерге асып кетуіне тосқауыл қойылады. Сөйтіп, облыста дайын шикізатты өзімізде өңдеп, өнім шығаруға қол жеткізіледі. Ал ең бастысы, ол өңіріміздің экологиялық ахуалын жақсартуға өз септігін тигізеді.