Қызылордалық гандболшы қыздар жеңімпаз атанды
ҚЫЗЫЛОРДА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ –Қызылорда қаласында ІІ жастар спорт ойындары аясында гандболдан қыздар арасындағы жарыс мәресіне жетті. Оған еліміздің әр өңірінен 11 команда қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Командалар алдымен топтық кезеңде сынға түсті. Қызылордалықтар екінші топта Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау облыстары мен Астана қаласы гандболшыларымен сынға түссе, бірінші топта Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, Жамбыл облыстары мен Астана қалаларының спортшылары шеберлік байқасты. Қызылордалықтар сапында "Сейхун-ҚАМ-ҚМУ" командасының мүшелері Ольга Ким, Жұлдыз Омарова, Екатерина Иванова сынды гандболшылар ойнады. Сырдың қыздары астаналықтарды 28:17, шымкенттіктерді 39:17, қарағандылықтарды 36:13, атыраулықтарды 33:3 есебімен жеңіп, өз тобында бірінші орын алды. Ал бірінші топтан павлодарлықтар көш бастады. Бас жүлде үшін сайыс аталған екі команданың арасында өтті. Бұл кездесу тартысты болды. Алаң иелері 27:26 есебімен басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды.